АҚШ пен Еуропа Ресейге қарсы тағы санкциялар салмақшы

Ресей Украинадағы соғысты тоқтатудан бас тартса, Батыс елдері жаңа санкция салмақшы. Бұл мәселеде Ақ үй мен Еуропа бір-бірімен келісімге келген.
Еуропаның жоспары қандай?
Ресей қазіргі жоспарын өзгертпесе, Еуропа 17-ші санкциялар пакетін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Agence France Presse агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
«Біз, еуропалықтар, АҚШ-тың осы бастамасын қолдамақпыз. Мен [АҚШ сенаторы] Линдси Грэмге бұл санкциялық шараларды мазмұны мен мерзімі бойынша үйлестіруге күш салатынымызды айттым», — деді Барро.
Сондай-ақ, АҚШ пен Украина арасындағы пайдалы қазбалар бойынша келісімді түсіндірген Барро Францияның сирек жер металдары саласында тәжірибесі барын айтып, Париж де Киевпен осындай экономикалық келісім жасасуы мүмкін екенін жеткізді.
АҚШ Сенаты не ұсынды?
Ал АҚШ-та Оңтүстік Каролинадан сайланған сенатор-республикашыл Линдси Грэмнің айтуынша, Ақ үйдегі 72 сенатор Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуді көздейтін заң жобасын қолдаған. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Ресей билігі Украинадағы қақтығысты тоқтату жөнінде «нақты келіссөздер» бастамаса, заң жобасы күшіне енуі мүмкін.
Агенттіктің мәліметінше, бастамада Ресейден мұнай, мұнай өнімдері, табиғи газ немесе уран сатып алатын елдерден келетін импортқа 500% көлемінде кедендік баж салығын енгізу қарастырылған. Бұл санкциялар Ресеймен экономикалық қарым-қатынастағы үшінші елдерге де әсер етуі ықтимал.
Сонымен қатар құжатта АҚШ азаматтарына Ресейдің егеменді қарызын, яғни мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алуға тыйым салу қарастырылған.
Бұған дейін ақпанда ЕуроОдақ Ресейге қарсы 16-шы санкциялар пакетін қабылдаған еді. ЕО 48 жеке тұлға мен 35 ұйымды санкция тізіміне енгізген. Санкцияға ілінген компаниялар арасында Қазақстан да бар. Тағы бір бөлігі Ресейде орналасқан, ал қалғандары Қытай (Гонконгпен бірге), Үндістан, Сингапур, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Өзбекстанда тіркелген.