Қазақстан 17 жылдан кейін Мароккоға қайта астық жеткізуді бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мароккоға астық экспорттала бастады/ Фото: shutterstock

Қазақстан 17 жылдан кейін Мароккоға бидай тасымалдауды бастады. Соңғы рет 2008 жылы астық жіберген еді деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.

Кедендік статистикаға сүйенсек, Қазақстан Мароккоға бидай экспорттауды 2004 жылы бастаған. 2006 жылы 10 мың тонна, 2007 жылы 11 мың тонна, 2008-де 40 мың тонна астық жіберді. Одан кейін арада біраз үзіліс орнады. Осы жылы бидай жіберу қайта жалғасты. Жыл басынан бері ол елге қазақстандық бидайдың 83 532 тоннасы кетті.

Марокко Корольдігіне қазақстандық астықтың алғашқы партиясы Жаңа-Есіл (Ақмола филиалы) және Сарыкөл (Қостанай филиалы) станцияларынан жөнелтілді. 105 көлікке тиелген астықты Латвия аумағы арқылы теміржолмен алып өтеді. Ал Лиепая портында астықты теңіз кемелеріне ауыстырып, Солтүстік Африка жағалауына жеткізеді.

«ҚТЖ тасымалдауға сұраныстарды жедел өңдеп, логистиканы қамтамасыз етеді», – деп атап өтті компания.

Жалпы бұл бағытта еліміздің солтүстікте өндірілген астық тиелген барлығы 17 пойыз жөнелтіледі. Бидайдың жалпы көлемі – 60 мың тонна.

Былтыр елімізде рекордты деңгейде астық жиналды. Осыдан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа экспорттық бағыттар іздестіре бастаған. Солтүстік Африкадан жаңа бағыт ашты. Одан бөлек Азов, Қара және Балтық теңіздері порттары арқылы Ауғанстан, Иран, Әзербайжан, Грузия және Арменияға; Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне да астық экспорттауды жоспарлап отыр..


Сондай-ақ оқыңыз