Sony-дан кейін Xbox бағасы да 20%-ға қымбаттады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Reuters Connect

Microsoft 1 мамырдан бастап Xbox консольдарының бағасын 20%-ға көтеретінін жариялады. АҚШ-та ең арзан Xbox Series S (512 ГБ) бағасы 26%-ға өсіп, 300 доллардан 380 долларға дейін қымбаттамақ. Ең қымбат модель — Xbox Series X 2TB Galaxy Special Edition болса, 21%-дан аса өсіп, 600-ден 730 долларға жетеді.

Сонымен қатар, Microsoft кейбір жаңа ойындардың бастапқы бағасын осы жылы мерекелік маусымдардан бастап 80 долларға дейін көтеретінін жариялады.

Xbox бағасының көтерілуі туралы хабар Microsoft компаниясы тоқсандық есеп жариялағаннан кейінгі келесі күні шықты. Есепке сәйкес, компанияның геймингтен түскен жалпы табысы жылдық есеппен 5%-ға артқан, алайда негізгі жабдықтардан (әсіресе консольдерден) түсетін табыс 6%-ға төмендеген.

Xbox бағасының көтерілуі туралы хабарламада АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген импорттық баж салығы тура айтылмаған. Бірақ «нарықтық жағдайлар» мен «әзірлеу шығындарының артуы» себеп болған деп жазады WSJ.

Forbes басылымының жазуынша, Xbox-тың қымбаттауы — Трамп енгізген баж салығынан кейінгі ойын индустриясындағы кезекті ірі баға өсімі болды.

Бағасын өсірген тек Xbox қана емес

Сәуір айының ортасында Sony компаниясы PlayStation 5 бағасының Еуропа, Таяу Шығыс, Африка, Австралия және Жаңа Зеландияда өсетінін жариялады. Мысалы, Еуропа мен Ұлыбританияда баға 25%-ға артты. Алайда ең қымбат әрі жетілдірілген PS5 Pro моделі бұрынғы бағасында қалды.

Жалпы алғанда, Трамп енгізген импорттық баж салығы ойын индустриясына ауыр тиіп отыр. Себебі негізгі ойын компаниялары – «темір» бизнесімен (hardware) айналысады, яғни олар физикалық тауарлар тасымалдауға мәжбүр. АҚШ – Sony мен Nintendo үшін аса маңызды нарық:

  • Sony жалпы табысының 29%-ын
  • Nintendo 37%-ын АҚШ-тағы сатылымнан табады.

PlayStation 5, Xbox және Nintendo Switch сияқты консольдер көбіне Қытайда өндіріледі. Мысалы, 2024 жылы Nintendo АҚШ-қа жіберген тауарлардың 60%-ы Қытайдан келген, деп жазды The Wall Street Journal.

Сондай-ақ оқыңыз