Берік Уәли қытай инвесторларын Абай өңіріне шақырды

2 мамырда Абай облысының әкімі Берік Уәли Қытайдың Чанцзи мемлекеттік жоғары технологиялар индустриялық аймағынан келген делегация мүшелерімен кездесті. Өңір басшысы оларды облысқа инвестиция құюға шақырды.
Абай әкімдігінің хабарлауынша, делегация құрамында құрылыс, тау-кен өндірісі, электроника және көлік құрастыру, көпір салу бағытында жұмыс істейтін компания өкілдері болды.
Аймақ басшысы қытайларға облыстың әлеуеті мен мүмкіндіктері туралы айтып, өңірде көлік-логистика, машина жасау, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға болатынын атап өтті.
«Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан көлік-логистикалық әлеуеті зор. Семей мен Аягөз қалалары аумағындағы темір жол бойында логистикалық хабтар ашуға толық мүмкіндік бар. Облыс орталығына көпір керек. Семей қаласында машина құрастыратын зауыт бар. Осы бағытта да бірлесе жұмыс істеуге болады.
Жел, су энергиясын өндіретін станциялар салу мәселесі де өзекті. Өңірде өндірістік аймағымыз бар. Біз әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырғысы келетін инвесторлармен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Берік Уәли.
Оның айтуынша, аймақ делегациясы биыл мамыр айының ортасында Қытайға арнайы барып, келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр.
Қытай делегациясының өкілдері Абай облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып, біріккен кәсіпорындар ашу, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға инвестиция салу бойынша нақты ұсыныстар беретінін жеткізді.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, қытай компаниясының өкілдері бұған дейін Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бірнеше жобаны жүзеге асырған.
Өткен айда түрік компаниясы Абай облысында 482 млн долларға кен комбинатын салғалы жатқаны мәлім болды.
Ал наурыз айында Берік Уәли президентке құны 2,2 трлн теңге тұратын жоспар туралы баяндады.