Маск VS Альтман: қос миллиардер OpenAI үшін соттасып жатыр

Калифорния судьясы ChatGPT қожайынының миллиардер Илон Маск арызын сотта қарамау туралы өтінішін қанағаттандырмады. Енді OpenAI бас директоры Сэм Альтман мен Tesla қожайыны ЖИ үшін сотта таласады.
Маск пен Альтман арасындағы дау
OpenAI құрылтайшыларының бірі Илон Маск жасанды интеллект жобасын іске қосу үшін көп қаражат бөлген. Былтыр ол Альтманды, OpenAI-ды, сонымен бірге оның ірі демеушісі Microsoft-ты сотқа берді. Маск осы топтың коммерциялық емес ұйымды коммерциялық ұйымға айналдыру ұмтылысын алаяқтық, келісімді бұзу деп есептейді.
Financial Times мәліметінше, 1 мамырда Калифорния штатының судьясы Ивонн Гонсалес Роджерс миллиардер Масктің адвокаттары істің сотта қаралуына көп уәж келтірді деп шешті. Миллиардер өкілдері мұны «үлкен жеңіс» деп бағалап отыр.
Бұған қоса судья OpenAI-дың Масктің мәлімдемесін қабылдатпай тастауға талпынысына жол бермеді. Миллиардердің мәлімдеуінше, Маск пен OpenAI арасында келісім бар. OpenAI сот шешіміне шағым түсіре алады.
OpenAI ұмтылысы және сын
Компания сыртқы инвесторлардан көбірек капитал тарту үшін жаңа корпоративті құрылымға айналғысы келеді. Қазір оны коммерциялық емес кеңес басқарады. Кеңес миссиясы – бүкіл адамзат игілігі үшін қуатты ЖИ құру.
Оның коммерциялық ұйымға айналу ұмтылысын компанияның бұрынғы қызметкерлері мен ЖИ саласындағы сарапшылар сынап отыр. Мұндай қадамды қолдамайтындар арасында Джеффри Хинтон, Маргарет Митчелл және Стюарт Рассел бар. Олар компания табысты көп табу жолына түсіп кетіп, басты миссияны ұмыт қалдыра ма деп қауіптенеді.
Өткен айда OpenAI компаниясы Маскқа қарсы шағым түсірген. Компания миллиардерді «пайда табу мақсатында OpenAI-ға бақылау орнатуға ұмтылды» деп айыптаған.
Илон Маск xAI компаниясын құрып, OpenAI технологиясына ұқсас ЖИ дайындап жатыр.