
Египет десе, көз алдымызға бірден Қызыл теңіз жағалауындағы курортты қалашықтар: Шарм-эль-Шейх пен Хургада елестейді. Өйткені ТМД елдерінің туристері көбіне демалысын осы бағытқа жоспарлап үйренген. Аталған қалалар жайлы, үйреншікті, қолжетімді әрі all inclusive турларымен танымал. Бірақ бүкіл тіршілігі туризмге байланған қалалардан Мысыр мәдениеті, жергілікті колорит пен таңдай қақтырар табиғи орындарды көре алмайсыз.
Осы олқылықтың орнын толтырғыңыз келсе, Египет жайлы шолуымыз сізге арналады. Бүгін біз «Египетте бәріне жауыр болған Шарм-эль-Шейх пен Хургададан басқа қайда баруға болады?» деген сұраққа жауап іздейміз.
Black and white desert – Қара және ақ шөл
Сахара шөлінің шығысында 300 шаршы метр аумақты алып жатқан ұлттық парк. Каирден 500 км қашықта орналасқан. Миллиондаған жыл бұрын шөл орнында мұхит болған. Ондағы тірі организмдердің қалдығынан ақ түсті құм мен бордан түрлі жартастар түзілген. Олар саңырауқұлақ, ғарыш кемесі, балмұздақ сияқты сан алуан формада кездеседі. Әр жерде үйілген аппақ құм төмпешіктері үлпек қарға ұқсайды. Бұл — басқа ғаламшарға түсіп кеткендей әсер қалдыратын Египеттегі ерекше орындардың бірі.
Қара шөл жанартау тастары мен қара құмнан тұрады. Қызғылт-сары түсті шөлге үйренген көзге ерекше құбылыс. Қос шөлге де Бахария оазисінен бір күндік турмен баруға немесе кэмпинг жасап, қонуға болады.
Marsа Alam – Марса-әл-Алам
Қызыл теңіздегі курортты қалашық. Қалада небәрі 5 мыңға жуық адам тұрады. Бір кездері балықшылар ауылы болған қарапайым елдімекен мөп-мөлдір, жылы суы, әдемі жағалаулары мен теңізасты сұлулығы үшін аз уақытта саяхатшылар тізімінде көш бастайтын таңдаулы орынға айналды. Қазір Марса-әл-Алам — Қызыл теңіздегі ең танымал дайвинг орталықтардың бірі. Ең әдемі рифтер, дельфин, скат, балғабасты акуламен жүзу мүмкіндігі әлемнің түкпір-түкпіріндегі дайверлерді осында тартады. Дайвинг үйренгіңіз келсе, мұнда курс оқып, сертификат алатын курстар да көп.
Aswan – Асуан
Ніл өзені бойындағы әдемі қала. Асуан — Египеттің оңтүстігі, Суданның солтүстігінде тұратын нубиялықтардың мекені. Сондықтан бұл шаһар Египеттің басқа бөлігіне ұқсамайды. Мұнда нубиялықтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениетімен жақынырақ таныса аласыз. Асуанға жолыңыз түссе, міндетті түрде Нілдің батыс жағалауындағы нубиялық ауылға соғыңыз. Нубиялықтардың үйлері сондай әдемі салынған әрі жергілікті тұрғындар туристерді үйіне шақырып, тамақ-шай беруге, өз мәдениетін таныстыруға қуана-қуана келіседі.
Асуан жағалауында әлі күнге дейін ежелде өзен суы деңгейін өлшеуге пайдаланылған алпауыт «нилометр» аспаптары бар. Асуан — әлемдегі ең жаймашуақ қала. Мұндағы жылдық жауын-шашын мөлшері 1 мм-ден төмен. Қытымыр қыстан шаршағанда қашып кетуге таптырмас мекен.
Luxor – Луксор
Египеттің ең әдемі әрі «ашық аспан астындағы мұражай» аталған қаласы. Ол ежелгі Египеттің астанасы — Фиваның орнында тұр. Шаһар екі бөліктен тұрады: тірілер (тұрғын үйлер орналасқан аудандар) және өлілер («Патшалар жазығы» сияқты ежелгі зираттар орны) қаласы. Луксорда 13 ғасыр бойы салынған Карнак, б.з.д 14-ғасырда салынған Луксор ғибадатханаларын аралап, таңғажайып тарихи ескерткіштерге куә боласыз. Мұндай кешендердің көбінде Египеттің тарихы мен мәдениетіне арналған шоулар, әртүрлі шаралар жиі өтеді.
Қалада міндетті түрде ежелгі ағаш қайық — фелуккаға отырып, әлемдегі ең үлкен өзендердің бірі — Ніл бойымен серуенге шығыңыз. Фелука — моторсыз қайық, тек желдің және ағыстың күшімен ғана қозғалады. Жергілікті тұрғындар Нілдің символына айналған қайықты өте шебер басқарады.
Salted lakes of Siwa – Сива оазисінің тұзды көлдері
Сивада тұзды көл көп. Олардың көлемі әртүрлі, бірақ формасы бір-біріне ұқсас келеді. Айналасына аппақ тұз қатпарланған ойықтарға көгілдір су толып жатады. Шөлді жазықтың әр жерінен шебер ойылған тұзды көлдер «табиғат кереметі» атануға әбден лайық. Мұнда тұз мөлшері жоғары болғандықтан суға батпайсыз. Жүзе алмайтындарға су бетінде қалқып жатуға болады. Турист көп баратын ең атақты тұзды көл – Агхурмия. Ондағы тұз деңгейі Өлі теңізден де жоғары.
Coloured canyon – Түрлі-түсті каньон
Синай жартытүбегіндегі Нувейба қаласына жақын орналасқан. Бұл каньон түрі мен түсі әртүрлі жартастардан тұрады. Ол мыңдаған жыл бұрын жер сілкінісі әсерінен түзілген. Уақыт өте келе жел мен жауыннан жартастардың формасы өзгеріп, әдемі пішін алған. Каньоннан динозавр ізі, ерекше суреттер мен Клеопатраның тағы сияқты көп қызық орындар табасыз. Әр елде жердегі Марс аталатын орындар бар. Египеттегі Марс — түрлі-түсті каньон.
Dahab – Дахаб
Шарм-эль-Шейхтен 2 сағаттық жерде орналасқан жағалаудағы қала. Бұл қала жергілікті тұрғындар мен еуропалықтар арасында танымал. Арзан қонақ үйлер мен мейрамханалар, жылы теңіз, дайвинг. Тыныш әрі баяу өмір картинасы. Осындай көрініс іздесеңіз, бірақ туристік орындарға барғыңыз келмесе, Дахабқа келіңіз. Мұнда әлемнің әр бөлігінен саяхаттап келіп, тұруға қалған адамдар қызық шаралар мен курстар ұйымдастырады. Мәселен, күнде кешке сальсаға барып, күндіз суда миды тыныштандыруға үйрететін ретритке қатыса аласыз. Одан бөлек, ең жақсы фридайвинг мектептер де осында орналасқан. Өйткені қалаға жақын маңда дайверлер арнайы іздеп баратын, терең әрі толқыны жоқ Blue hole бар. Фридайвинг бойынша әлемдік рекордтардың көбі осында жасалады.