Жаңалықтар

Қазақстанға жасаған қысым: OPEC+ елдері мұнай өндірісін тағы да арттырады

OPEC+ елдері мұнай өндірісін арттырады / Фото: shutterstock.com

OPEC+ елдері маусым айындағы мұнай өндірісін тағы 411 мың баррельге арттыруға келісті. Bloomberg басылымының жазуынша, Сауд Арабиясы мен Ресей бастаған елдер мұнайды артық өндіріп жатқан мүше мемлекеттерге, әсіресе Қазақстан мен Иракқа қысым жасау үшін осындай қадамға барып отыр.

Бұл шешім ұйымның өндірісті шектеп, бағаны ұстап тұру саясатының өзгергенін көрсетеді. Соның салдарынан әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандап барады.

Қазақстан мен Ирак келісімді сақтамай отыр

Сауд Арабиясы Қазақстан мен Ирактың OPEC+ келісімін сақтамай, шектен тыс мұнай өндіріп жатқанын сынап келеді. Наурыз айында Қазақстан өзінің белгіленген шегінен күніне 422 мың баррельге артық өндірген. Ел ішінде Chevron және Eni секілді халықаралық компаниялар өндірісті арттырып жатқанымен, Қазақстан билігі оларды шектеуге тырыспаған.

Сауд Арабиясының бұл стратегиясы АҚШ президенті Дональд Трамппен қарым-қатынасты нығайтуға да бағытталған. Трамп мұнай бағасын төмендетуді талап етіп келеді. Оның үстіне, ол жақында Таяу Шығысқа сапар шегіп, Иранмен ядролық келісім бойынша күрделі келісөз жүргізбек.

Мұнай бағасы арзандап жатыр

Мұнай бағасы қазір баррелін $61 деңгейінде – бұл соңғы төрт жылдағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Бағаның төмендеуі OPEC+ мүшелерінің өздеріне де қиындық тудырып отыр. Сауд Арабиясы мұнай кірісі азайғандықтан, ірі жобаларға инвестицияны қысқартуға мәжбүр болды.

Халықаралық валюта қорының бағалауынша, Сауд Арабиясы бюджет тапшылығын жапқысы келсе, мұнай бағасы барреліне $90-нан жоғары болуы тиіс.

Бұл жағдай АҚШ-тың тақтатас (shale) мұнай өндірушілеріне де соққы болды. Олар мұнай бағасы төмендесе, өндірісті арттыра алмайтынын айтып отыр.

Бір ай бұрын OPEC+ 2025 жылғы мамырда бір тәуліктегі өндірісті 411 мың баррельге дейін арттырып, трейдерлердің есін шығарған. Артынша әлем нарығында «қара алтын» құны күрт құлдыраған. Сол кезде картел өкілдері осындай шешім қабылдауға Қазақстанның квотаны сақтамауы себеп болғанын айтқан.