Қазақстан сыртқы нарыққа өңделген тауар шығаруға басымдық береді – Шаққалиев

Қазақстан сыртқы нарыққа өңделген тауар шығаруға басымдық береді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Сенаттың Taldau Talks подкастының жаңа шығарылымда айтты.
«Бұл ретте экспортқа шығатын тауардан түсетін табыс жоғары болуы керек. Өйткені нарықта бәсеке күшейіп келеді. Өкінішке қарай, шикізаттық емес сектордың үлесі тым аз. Осыдан 10 жыл бұрын арақатынасы 70-30 пайыз болса, қазір 65-/35 пайызды құрайды. Бұл аса үлкен өзгеріс емес. Одан да жақсы нәтижеге қол жеткізуіміз керек», – деді министр.
Шаққалиевтің айтуынша осы салада тауарын сыртқы нарыққа шығаратын 80-нен аса экспортер компания бар.
2024 жылы Қазақстанның сыртық сауда айналымы 141 млрд долларды құраған.
Подкаст Қазақстанның сыртқы саудадағы күн тәртібі мен экспортты ілгерілету мәселелеріне арналған. Талқылаудың негізгі тақырыптары жаһандық тарифтік трендтер, отандық экспорттаушыларды қолдау, логистикалық тізбектер мен көлік инфрақұрылымын дамыту болды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевпен қатар, подкастқа «Шин-Лайн» компаниялар тобының президенті Андрей Шин және KPMG Кавказ және Орталық Азия бойынша серіктесі Болат Мыңбаев қатысты.
Қатысушылар АҚШ-тың протекционистік саясаты, жаһандық логистикалық өзгерістер мен қазақстандық өнім өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығу мәселелерін талқылады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстан экспортқа бағытталған мемлекетке айналуы тиіс, ал отандық компаниялар жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуы қажет.
«Мемлекеттік қолдау түсінікті әрі тиімді болып, қазақстандық өндірушілердің шетелдік нарықтарда орнығуына ықпал етуі керек», – деді Сенат төрағасы.
Подкаст барысында экспорттық стратегияларды жетілдіру, қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыру, ішкі өндірістің тұрақтылығы мен экспорттық инфрақұрылымды қалыптастыру жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Бұл ретте сарапшылар Қазақстан үшін жаңа нарықтар ашылып жатқанын атап өтті. Сауда соғысы соған ықпал етіп отыр.
Подкастың толық нұсқасын Сенаттың YouTube-арнасынан толық көруге болады.