Ұлттық ұлан сарбаздары соғыс ардагерін құттықтады

Петропавлда Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары мен 6637 әскери бөлімінің сарбаздары майдангер Фёдор Щегловты арнайы құттықтап, құрмет көрсетті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады
Бұл бастаманы курсанттар мен сарбаздар өздері көтерген. Ал Академия мен әскери бөлім басшылығы толық қолдаған.
Ұлттық ұлан сарбаздары 98 жастағы ардагердің үйінің алдында салтанатты саптық шерумен жүріп өтті. Әскери оркестр шеруді музыкалық сүйемелдеумен көркемдеді. Фёдор Щеглов жиналған жастарға соғыс жылдарындағы ауыр сәттер туралы әңгімелеп берді.
«Менің ерлігімді ескеріп, құрмет көрсеткендеріңізге алғысым шексіз. Елімізде тыныштық пен бейбіт өмір орнасын. Ең маңыздысы – соғыстың беті аулақ болсын», – деді ардагер.
Щеглов Кёнигсберг түбіндегі ұрыстарда жауға қарсы соғысқа кірген. Палаудағы қанды шайқаста қаруластарынан айырылудың қасіретін бастан өткерді. Ерлігі ескерусіз қалмай, II дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Айта кетейікАстанада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай 9 мамырда мерекелік отшашу өтеді.