Қазақстанда апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектеп жоқ

Қазақстанда апатты және үш ауысымда оқитын мектептен жойылған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми дерек бойынша, 2019 жылдан бері 1200-ден астам жаңа мектеп салынған. Оларда 1 млн оқушы білім алады.
Ең үлкен серпіліс 2023–2024 жылдары байқалды: бұл кезеңде 510 мың оқушыға арналған 422 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 32 апатты және 71 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілді. Сондай-ақ еліміз бойынша тағы 200-ге жуық мектептегі орын тапшылығы жойылды.
Қазіргі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама шеңберінде жаңа стандарттарға сай келетін кең, заманауи сыныптар, спорт залдар, шығармашылыққа арналған кеңістіктер қарастырылған.
Аталған жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы жоспарланған. Қазірдің өзінде олардың 105-і пайдалануға берілсе, қалған 112 мектеп 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ жекеменшік инвестициялар есебінен тағы 92 мың орындық 127 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
2023 жылы жемқорлардан тәркіленген қаржы есебінен құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы да 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Оның ішінде 74,4 мың оқушыға арналған 61 мектеп оқушыларға есігін ашты.
Бұдан бөлек, аудан орталықтары мен ауылдарда 1000 мектеп жеті бағыт бойынша жаңғыртылуда. Соңғы үш жылда 4 мыңнан астам мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 2 мыңнан аса мектепте заманауи робототехника, химия, физика, биология және STEM кабинеттері жабдықталды.
Алайда PISA зерттеуі бойынша ауыл мектептері үш сыныпқа артта қалған.