BMW коллекционерлерге арналған шағын сериялы автокөліктер шығарады

Жарияланды
Бұл автоконцерннің жаңа стратегиясына сай іске аспақ / Фото: motoringresearch.com

2025 жылы BMW өз өнімдерін тек технологиялық және жаппай тұтынушыларға арналған көлік ретінде ғана емес, нағыз коллекциялық өнер туындылары ретінде де көрсету жолында маңызды қадам жасамақшы. Автоконцерннің клиенттермен жұмыс, бренд және сату жөніндегі вице-президенті Сильвия Нойбауэр неміс автокөлік өндірушісі арнайы коллекционерлер мен BMW жанкүйерлеріне арналған шағын сериялы модельдерді шығару бағдарламасын іске қосатынын растады. Алғашқы эксклюзивті модель осы жылы беделді Villa d’Este байқауында таныстырылады.

Бірегейлікті қайта жаңғырту

BMW-нің бұл жаңа стратегиясы жай ғана маркетингтік қадам емес – бұл бірегейлік дәстүрін қайта жандандыру. Бұрын көліктер жүз мыңдап емес, бірнеше дана ғана болып жасалып, әр бөлшегі ерекше болатын. Бұған мысал өткен жылы Комо көлі жағасында таныстырылған BMW Skytop концепті. BMW Z8 моделін еске түсіретін ерекше дизайндағы бұл көлік көпшілік пен мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Компания бұл модельден небәрі 50 дана ғана шығатынын растады, әрқайсысы шамамен 500 000 доллар тұрады.

Бұл тек бастамасы ғана. Нойбауэр атап өткендей, мұндай шағын сериялы модельдер BMW-нің болашақ даму картасының тұрақты бөлігіне айналады. Дегенмен BMW M бөлімшесінен толыққанды суперкар күтудің қажеті жоқ. Компания бар сериялық модельдердің негізінде бірегей нұсқалар жасайды. Ерекше шанақтар мен дизайн шешімдері арқылы бұл көліктерге Halo-флагман мәртебесі беріледі.

Ерекшелік – бренд беделінің қозғаушы күші

Мұндай жобалар бірнеше маңызды міндетті шешеді. Біріншіден, олар клиенттермен эмоционалдық байланысты күшейтеді. Мұндай көліктердің иелері өзінше бір элиталық клуб мүшесі атанса, қалған тұтынушылар арман қуып, брендке ынтық болады. Екіншіден, бірегей модельдер бүкіл өнім желісінің тартымдылығын арттырып, BMW беделін нығайтады.

Неге суперкар емес?

Соңғы кездері компания суперкар шығарады деген қауесет тараған еді. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. BMW Blog басылымының деректеріне сүйенсек, қазіргі нарық бір миллион еуродан асатын электрлік гиперкарларды қабылдауға дайын емес. Сондықтан шамамен 1360 ат күшіне тең 1 мегаваттық гиперкар жобасы уақытша тоқтатылды. Алайда инженерлер еңбегі зая кетпейді.

Болашақтағы M3: екі бағыт

Гиперкар үшін жасалған инновациялар енді жаппай барлық модельдерге енгізіледі. Келесі буындағы BMW M3 екі нұсқада ұсынылады. Атап айтқанда электрлі және м mild-гибрид, алты цилиндрлі бензинді қозғалтқышпен жабдықталады. Кей деректерге сүйенсек, төрт қозғалтқыштан тұратын, 1360 ат күшіне ие жүйе болашақта BMW M модельдерінің бірінде пайда болуы мүмкін. Бұл M бөлімшесі үшін жаңа дәуірдің бастамасы болуы ықтимал.

Бренд тарихындағы жаңа тарау

Сарапшылардың бағамдауынша, BMW заман талабына жай ғана бейімделіп отырған жоқ, бренд индустрияның болашағын қалыптастырып жатыр. Шағын сериялы эксклюзив модельдер тек табыс емес, бұл мұра. Rolls-Royce немесе Ferrari секілді, BMW де сирек және ерекше өнім арқылы бедел мен ықпалын арттыра түседі.

Жаппай өндірістен ерекшелікке көшу – бұл BMW дәстүрінен бас тарту емес, оны жаңа жағдайда жаңаша түсіну. Электрлендіру, экономикалық өзгерістер және тұтынушы талғамының ауысуына қарай, дәл осындай бірегейлік пен эмоционалдық құндылық шешуші мәнге ие болмақ.

Еске сала кетсек, былтыр BMW тежегіштегі ақауларға байланысты әлем бойынша 1,5 млн автокөлігін кері қайтарған еді. Автоконцернның дерегінше, жалпы кепілдендірілген жөндеу шығындарының сомасы  миллиондаған доллардан асқан.

Сондай-ақ оқыңыз