Porsche Қытайдағы стратегиясын қайта қарастырады

Қытай автонарығындағы бәсекенің күшеюі мен өнімге сұраныстың төмендеуі аясында Porsche өз электромобильдеріне қатысты жаһандық стратегиясына күмән келтіре бастады. Шанхай автосалонында сөйлеген сөзінде компанияның бас директоры Оливер Блюме алдағы екі-үш жыл ішінде егер сату көрсеткіштері оң динамика көрсетпесе, марка Қытайда электрлі модельдерін сатуды тоқтатуы мүмкін екенін ашық айтты. Бұл мәлімдеме Porsche-дің электромобильдерге жаппай көшу стратегиясы Қытайда қиындықтарға тап болғанын мойындау ретінде қабылданды.
Компанияның мұндай шешім қабылдауының басты себебі – сұраныстың төмендігі мен автокөліктердің бағасының қымбат болуы. Қытайлық тұтынушылар үшін Porsche-нің бағалары тым жоғары. Әсіресе электромобильдер сегментінде. Мұнда баға мен сапа арақатынасы аса маңызды. Блюме атап өткендей, неміс бренді бағаны төмендетіп, «баға соғысына» қатысқысы келмейді. Өйткені бұл Porsche-нің премиум имиджіне кері әсер етеді. Дегенмен, Қытайдағы бәсеке күшейіп жатыр: өндірушілер бағасы төмен электромобильдерді ұсынып, нарықты жаулап алуда. Мысалы, Xiaomi SU7 Ultra моделі Taycan Turbo GT-ден төрт есе арзан тұрса да, Porsche бұл көлікті өз өніміне тең көрмейді, себебі ол неміс инженериясының сапасына сәйкес келмейді.
Алайда сандар басқа нәрсені көрсетеді: 2024 жылы Қытайдағы Porsche сатылымы 28%-ға төмендеді. Бұл тек қаржылық көрсеткіштерге ғана емес, компания басшылығына да әсер етті – атқарушы басшылардың бірқатары қызметінен кетті. Нәтижесінде Porsche енді Қытайдағы электромобильдер желісін толықтай тоқтатуды қарастырып отыр.
Дегенмен, түпкілікті шешім бірден қабылданбайды. Алдағы уақытта жаңа модельдер – Macan EV мен 2025 жылдың соңында шығатын Cayenne EV – нарықтағы сұраныстың деңгейін анықтайтын негізгі фактор болады. Porsche бұл модельдерден оң нәтиже күтеді, бірақ олардың арзан болмайтыны белгілі, сондықтан олар тек ауқатты тұтынушыларға арналған эксклюзивті өнім ретінде ұсынылады. Бұл компанияның жалпы тұтынушыға емес, сапа мен мәртебеге басымдық беретін бағытын жалғастырып жатқанын көрсетеді.
Айта кету керек, Audi, BMW немесе Mercedes-Benz сияқты бәсекелестерінен айырмашылығы, Porsche Қытай нарығына бейімделген ерекше модельдерді шығармайды. Компанияда арнайы ұзартылған нұсқалар немесе шағын қозғалтқышты модификациялар жоқ. Жалғыз ерекшелік – 4.0 атмосфералық қозғалтқыштың орнына 2.0 турбомотормен жабдықталған 718 Spyder үлгісі. Ал бәсекелестер Қытай нарығына арналған арнайы өнімдерге белсенді түрде инвестиция салуда.
Қорыта айтқанда, Porsche үшін Қытайдағы жағдай қиын болып тұр. Спорттық мұрасына және бренд мәртебесіне қарамастан, компания нарықтың қатал шындығына тап болды: дәстүрлермен ғана нарықты ұстап тұру мүмкін емес. Еуропа мен Америкада электромобильдер болашақ ретінде қарастырылса, Қытайда бұл керісінше, қиындық тудыруы мүмкін. Егер Macan EV мен Cayenne EV күткен нәтижеге жетпесе, Porsche тарихи шешім қабылдап, әлемдегі ең ірі автонарықтан электрлі модельдерін алып тастауы мүмкін. Бұл автосала үшін үлкен белгі және бір стратегияның барлығына бірдей жарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Nissan жоғары бәсекелестікке байланысты Қытайдағы екінші зауытын жабатынын хабарлады. Әлемдегі ең үлкен еарықта аталған бренд көліктеріне сұраныс төмендеп кеткен.