Уоррен Баффет Berkshire компаниясының бас директор қызметінен кететінін мәлімдеді

94 жастағы әйгілі америкалық инвестор және кәсіпкер Уоррен Баффет 2025 жылдың соңына қарай Berkshire Hathaway компаниясының бас директоры қызметінен кететінін жариялады. Бұл туралы Баффет компания акционерлерінің жыл сайынғы жиналысында мәлімдеді.
Баффет бұл қызметті өзінің орынбасары, вице-президент Грег Абельге тапсыратынын айтты. Осылайша, Berkshire-тің 60 жылға созылған «Баффет дәуірі» аяқталғалы тұр.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, миллиардердің бұл шешімі жиналған инвесторлар үшін күтпеген жаңалық болды. Баффет қаржы әлемінде «Омахалық сиқыршы» деген лақап атпен танымал.
Уоррен Баффет Berkshire Hathaway компаниясын 1965 жылы басқаруға келген. Ол кезде бұл компания қарапайым тоқыма кәсіпорны болған. Алайда Баффеттің көреген басқаруының арқасында Berkshire әлемдегі ең ірі инвестициялық холдингтердің біріне айналды.
Forbes журналының дерегінше, Уоррен Баффеттің жеке байлығы бүгінде 168 млрд долларды құрайды.