Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов екінші рет жауап алу үшін сотқа шақырылады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат ісі жалғасып жатыр/фото: видеодан скриншот

Шерзат Полат ісі бойынша сот отырысында сотталушы Дархан Әскентайдың адвокаты Ержанов марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтан тағы бір рет жауап алу қажет екенін айтып, сот залына шақыруды сұрады, деп хабарлайды KursivMedia.

«Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовқа қорғау тарапынан қойылмаған бірнеше сұрақ бар. Сол себепті Қаржаубай Нұрымовтан қайта жауап алуды сұраймын», – деді ол.

Тағы бір өтінішхатында қорғауындағы Дархан Әскентайға уақытша ұстау изоляторында медициналық көмек көрсетілмегенін айтып өтті.

«Сот тергеуі аяқталмай тұрып, марқұм Шерзат Полаттың күдікті Дархан Әскентайдың бет тұсынан соққы жасау дерегі бойынша 2024 жылдың 4 қазанында Талғар аудандық ауруханасында медициналық тексеруден өткен. Дәрігердің аты-жөнін анықтап, оларды қосымша куә ретінде сот отырысында жауап алуды және осы дәрігерлерді шақыруды мемлекеттік айыптаушыларға жүктеуіңізді сұраймын. Талғар аудандық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетпеу салдарынан қорғауымдағы сотталушы Әскентай тергеу кезінде толыққанды жауап бере алмады. Сонымен қатар Әскентайдың денсаулығын ескермей, барлық тергеу амалын қысыммен, заңсыз өткізген. 28 күн бойы ешқандай ем көрсетпеген», – деді адвокат Ержанов.

Сондай-ақ сот тергеуінде бірінші болып сотталушы Дархан Әскентайдан жауап алуды сұрады. Сол кезде бірінші болып сұрақ қою мүмкіндігін өзіне – адвокат Ержановқа беруді сұрап отыр.

Істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов сотталушылардан жауап алынған соң, қылмыстық іс құжаттары зерттелгеннен кейін қосымша жауап алу үшін жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовты шақыру туралы қаулы шығарды.

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.   

Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды

Сондай-ақ оқыңыз