«Неге күлгенін білмейміз»: сотталушылардың ата-анасы желіде тараған видеоға наразы

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат ісіндегі сот желіде тараған видеоны тексеріп жатыр/фото: видеодан скриншот
Шерзат ісіндегі сот желіде тараған видеоны тексеріп жатыр/фото: видеодан скриншот

Талдықорғанда марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 2025 жылдың 5 мамырында сотталушылардың ата-анасы сотқа жүгініп, ұлдарын фото-видеоға түсірген азаматты сот залынан шығаруды сұрады, деп хабарлайды KursivMedia.

Бұған дейін әлеуметтік желіде сотталушылардың сотталушылар орындығынан күліп шыққан сәті түсірілген видео тарады.

Сотталушы Нұрқияс Ілиясовтың әкесі сотқа жүгініп, желіде бұған дейінгі сот отырысына қатысқан 16 жастағы куәнің фотосы және сотталушылардың видеосы тарағанын айтты.

«Түскі ас кезінде ме, 3-4 бала (сотталушы) күліп шығып бара жатыр екен. Не себепті күліп шығып жатқанын білмейміз. Сол кезде түсіріп… TikTok-та неше түрлі сөз жазып жатыр», – деді тағы бір сотталушының анасы.

Олар видеоны желіге жүктеген жәбірленушінің адвокаты Мейірман Шекеевтің көмекшісі Алмат Орынбасарұлы екенін айтып, жігітті сот залынан шығарып жіберуді сұрады.

«Сотқа алғашқы сот отырысынан бастап қатысып келе жатырмын. Сот жасаған ескертудің бәрін білемін. Айыпталып отырған азаматтарды, 16 жастағы баланы да түсірген жоқпын. Құрметті сот, желіде тараған видео телефонға түсірілмеген, ол кәсіби камераға түсірілген. Ол YouTube форматта шықты, оған қатысым жоқ», – деді Алмат Орынбасарұлы.  

Істі қарап жатқан судья тараптарды тыңдап, видеоға қатысты тексеру жүріп жатқанын айтты.

«Сот тексеру жүргізіп жатыр. Нәтижесі қосымша жарияланады», – деді судья Ержан Жанұзақов.

Сондай-ақ сотталушыларды фото-видеоға түсіруге болмайтынын тағы бір рет ескертіп өтті.

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.   

Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды

28-29 сәуірдегі сот залында куәлерден жауап алынды. Оның ішінде оқиға орнына барған полиция қызметкерлері де бар. Толығырақ мына жерден оқи аласыздар.

2025 жылдың 5 мамырында куәлерден жауап алу жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз