Армиядан босататын жағдайлар: Кімді және не себепті әскерге алмайды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қандай жағдайда әскерге алмайды
Армиядан босататын жағдайлар/Коллаж: Kursiv.media архиві

Жыл сайын Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы барлық жігіт көктемде сәуірден маусымға дейін, күзде қазаннан желтоқсанға дейін әскерге шақырылады. Әскери қызмет әр ер азаматтың борышы мен міндеті, алайда уақытша және тұрақты негізде әскерден босатылатын жағдайлар да бар.

Отан алдындағы борышты өтеу

Қазақстандағы әскери тәртіп бірнеше бағыттарға бөлінеді:

  • Мерзімді әскери қызмет (18-27 ер адамдар үшін 12 ай мерзімге)
  • Запастағы офицерлер қызметі (29 жасқа дейінгі жігіттер мен 32 жасқа дейінгі медициналық қызметтің запастағы офицерлері үшін 24 ай мерзімге);
  • Келісімшарт бойынша әскери қызмет (келісімшартта көрсетілген мерзімге сәйкес);
  • Әскери жиындар (әскери міндеттілер үшін 2 аптадан 3 айға дейінгі мерзімге).

Бейбіт уақытта әскерден босататын жағдайлар

1. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар. Дәрігерлер төмендегідей белгілер бойынша азаматтардың жарамдылық санаттары туралы қорытынды шығарады:

  • А» – әскери қызметке жарамды;
  • «Б» –  әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды;
  • «В» – медициналық тексеруге (емдеуге) мұқтаж;
  • «Г» – әскери қызметке уақытша жарамсыз;
  • «Д» – әскери қызметке бейбіт уақытта жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;
  • «Е» – әскери есептен шығарылғандықтан, әскери қызметке жарамсыз.
  • жиырма жеті жасқа толған, заңды негiзбен мерзiмдi әскери қызметке шақырылмағандар;

2. Туысының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапса немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленсе;

3. Басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген болса;

4. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткерсе;

5. Ғылыми дәрежесi бар азаматтар;

6. Тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері.

Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға әскерге шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.

Әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыру

Шақыру мерзімін кейінге қалдыру төмендегідей жағдайлар бойынша ұсынылады:

  • отбасы жағдайлары бойынша;
  • білім алуды жалғастыру үшін;
  • денсаулық жағдайы бойынша;
  • басқа да себептер бойынша.

Отбасы жағдайларына байланысты шақыруды кейінге қалдыру

  • Әке-шешесі болмаған жағдайда зейнет жасына жеткен немесе I не II топ мүгедектігі бар ата-әжесі әскерге шақырылушының асырауында болса;
  • Ата-анасы болмаған жағдайда I немесе II топтағы мүгедектігі бар немесе 18 жасқа толмаған бауырлары мен әпке-сіңлілері болса;
  • I немесе II топтағы мүгедектігі бар, 18 жасқа толмаған баласы болып, оны жалғыз тәрбиелеп отырса;
  • Бір немесе одан да көп жалғыз басты туыстарын (әкесі, анасы, бауыры, әпке-сіңлісі), еңбекке жарамсыз немесе I не II топ мүгедегі бар туыстарын асырап отырса;
  • I немесе II топ мүгедегі бар жұбайын, 18 жасқа толмаған бір немесе одан да көп баланы тәрбиелеп отырса;
  • Отбасында мүгедектігі бар адам болып, ал шақырылушы үйдегі жалғыз ер бала болса;
  • Баланы (балаларды) анасынсыз тәрбиелеп отырған азаматтар;
  • Ата-аналары қайтыс болған немесе ата-ана құқығынан айырылған, яки сот үкімімен бас бостандығынан айырылған балаларды кемінде екі жыл бойы тәрбиелеп, асыраған адамдар;
  • Некеде тұрған және бір немесе одан да көп баласы бар азаматтар.

Білім алуға байланысты әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру

  • Жалпы орта білiм алып жүрген азаматтар;
  • Орта, жоғары оқу орындарында күндiзгі бөлімде білім алып жүрген азаматтар;
  • Жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алушылар;

Арнаулы мамандықтар

  • Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде кәсіптік қызметті жүзеге асыратын педагогтер;
  • Тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық жерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлер (денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне);
  • Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттары;
  • Анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан, сотта қылмыстық iсі қаралып жатқан адамдар (тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн);
  • Тиісті білімі бар азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипаждары, азаматтық авиация инженерлері, механиктер және техниктер (азаматтық авиация ұйымдарында барлық жұмыс істеу кезеңінде).
  • Кемелер экипаждарының тиісті білімі бар мүшелері (су көлігі ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңде);
  • Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдар.

Кейінгі жылдары елде әскерге шақырылушылар саны артып келеді. 2025 жылы әскерге 42 098 адам алу жоспарлануда. 2024 жылы 18 бен 27 жас аралығындағы 40 148 азамат әскерге аттанса, 2023 жылы олардың саны 37 мың болған.

Сондай-ақ оқыңыз