Қазақстанның Даму Банкі 150 млрд теңге қосымша қаржы тартуды жоспарлап отыр

Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) 150 млрд теңгеге бағалы қағазын шығарады. Банк 50 млрд теңгеге облигация сатса, қалған 100 млрд теңгесі қосымша акция шығару арқылы тартылады. Бұл туралы хабарлама Қазақстан қор биржасы сайтында орналастырылған.
Банк жалпы 50 млн облигация шығаруды көздеп отыр. Бір облигация құны – 1 мың теңге. Облигацияларды сатып алуға өтінімі 5 мамырда қабылданады. Купондық мөлшерлеме кейін анықталып, сыйақысы жылына екі рет төленеді. Ең кемі бір облигация сатып алуға болады.
Сонымен қатар, ҚДБ қосымша 2 500 дана жай акция орналастырмақ. Әрқайсысының құны — 40 млн теңге, ал жалпы көлемі — 100 млрд теңге. Акцияларды банктің жалғыз акционері — «Бәйтерек» холдингі басым құқықпен сатып алады.
Жиналған қаражаттың нақты қандай мақсатқа жұмсалатыны құжатта жазылмаған. Алайда дәл осы күні Өнеркәсіпті дамыту қоры да қосымша акция шығаратынын мәлімдеді. Қор 2 млн теңгеден 25 мың дана акция орналастырып, 50 млрд теңге тартпақ. Бұл бағалы қағаздарды да жалғыз акционер — Қазақстанның Даму Банкі сатып алады.
«Өнеркәсіпті дамыту қорының» жалғыз акционері – «Қазақстан Даму Банкі». Ал ҚДБ «Бәйтерек» ұлттық» басқарушы холдингі арқылы үкіметке тиесілі. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2020 жылы Индустриялық даму және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған қаржы операторы – «ҚДБ-Лизинг» АҚ негізінде құрылған.
Ал «Қазақстан Даму Банкінің» жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі». Қаржы құрылымының мақсаты – елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру, экономиканың тұрақты дамуына қолдау көрсету.