Банк пен қаржы

Ұлттық қордан 4 айда 2 трлн теңге алынған

Ұлттық қор
Ұлттық қордан 2 трлн теңге алынды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың алғашқы төрт айында Ұлттық қордан 2 трлн теңге алынған. Бұл осы кезеңде қорға түскен қаржыдан 2,3 есе көп. Бұл туралы Қаржы министрлігінің есебінде жазылған.

Есепке сәйкес, осы кезеңде қорға түскен жалпы кіріс көлемі 854,9 млрд теңгені құраса, қордан алынған шығындар 2,013 трлн теңгеге жеткен.

Түсімнің басым бөлігі – мұнай секторы ұйымдарынан түскен тікелей салықтар. Атап айтқанда, корпорациялық табыс салығы, роялти, экспорттық рента салығы сынды төлемдерден Ұлттық қорға 843,5 млрд теңге аударылған. Бұдан бөлек, түрлі айыппұлдар мен жекешелендіру түсімдері бар.

Ал жұмсалған қаражаттың басым бөлігі – 1,6 трлн теңге – республикалық бюджетке бөлінген кепілдендірілген трансферттер. Тағы 400 млрд теңге мақсатты трансферттер ретінде бөлінген. Сонымен қатар, қорды басқару және аудит қызметтеріне 13,3 млрд теңге жұмсалған.

Нәтижесінде жыл басындағы 33 трлн теңгеден қазір 31,9 трлн теңге қалды. 4 айда Қордағы қаржы 1,1 трлн теңгеге азайып кетті.

Бұған дейін Қаржыгерлер сарапшылары қорға биыл қары екі есе аз түсіп жатқанын жазған. Оған себеп – мұнайдың күрт арзандауы.