Lifestyle

Жеңіс күні: 9 мамырдың тарихы мен тағылымы

9 мамырдың маңызы жылдан жылға артуда / Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
9 мамырдың маңызы жылдан жылға артуда / Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

9 мамыр – бұл жай ғана мемлекеттік мереке емес, ол – Қазақстан халқының тарихи жадындағы ең маңызды күндердің бірі. Бұл күн бүкіл ел болып Ұлы Отан соғысында халқымыздың көрсеткен ерлігін еске алатын, ардагерлерге құрмет көрсетіп, бізге бейбіт өмір сыйлаған қаһармандарды ұлықтайтын күн. Қазақстанда Жеңіс күні жыл сайын ерекше аталып өтеді. Зұлмат соғыс жылдарынан бері қаншама уақыт өтсе де, соғыс оқиғаларына деген қызығушылық, оның салдары мен тарихи маңызына деген құрмет еш бәсеңдеген емес. Бұл күн жадымызда сақталған батырлықтың, елдік пен ерліктің белгісі.

Жеңіс күнінің тарихы

9 мамыр мерекесінің тарихы 1945 жылдың көктеміне, нақтырақ айтқанда, 8 мамыр күні кешке фашистік Германияның сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қойған сәтке барып тіреледі. Уақыт айырмашылығына байланысты КСРО аумағында бұл кезде 9 мамыр болып кеткен еді – сондықтан да бұл күн Жеңістің символына айналды. Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі орасан зор. Елден майданға 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанды, олардың жартысы қайта Отанына, шаңырағына оралған жоқ. Қазақстан майданды қару-жарақпен, азық-түлікпен, киіммен қамтамасыз етті. Сондай-ақ бүкіл ел бойынша жүздеген кәсіпорын мен миллиондаған адамның эвакуацияланған орнына айналды. Әйелдер, қарттар мен балалар тылда еңбек етіп, майданда жүргендердің қажеттіліктерін өтеу үшін жан аямай жұмыс істеді. Жеңіс күні ­– бұл әр отбасының мерекесі, өйткені Қазақстанда соғысқа қатысы жоқ әулет кемде-кем.

Қазіргі Қазақстандағы Жеңіс күні

Бүгінде 9 мамыр Қазақстанда ұрпақтарды біріктіретін маңызды күн ретінде кең ауқымды іс-шаралармен аталып өтеді. Таңертең мемориалдар мен ескерткіштерге, соның ішінде Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімдері өтеді. Бұл шара қазақстандықтардың ата-әжелерінің, яғни соғысқа қатысқан сарбаздардың, тыл еңбеккерлерінің, дәрігерлер мен партизандардың ерлігіне тағзым ету істептті. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою Жеңіс күнінің ажырамас бөлігіне айналған. Ел бойынша бір минут үнсіздік жарияланып, мектептер мен жоғары оқу орындарында соғыс кезінде ерлік жасаған ардагерлер туралы жобалар өткізіледі. Олар арқылы жастар Қазақстан халқының майдандағы және тылдағы ерліктерімен танысады. Ардагерлерге еріктілер барып, мерекелік дастарқандар жайылып, концерттер ұйымдастырылады. Әскери әндер шырқалып, алғыс сөздер айтылады. Ал кешке қарай көптеген қалаларда отшашу ұйымдастырылады, ол бейбіт өмір мен еркіндіктің символы іспетті мәнге ие. 

Жеңіс күнінің батырлары

Қазақстандағы Жеңіс күні туралы айтқанда, ерлік пен батырлықтың символына айналған тұлғаларды еске алмау мүмкін емес. Олардың есімдері – халқымыздың жауынгерлік рухының, отансүйгіштігінің және қайсарлығының мәңгілік белгісі.

Солардың бірі – Рақымжан Қошқарбаев. Ол Берлиндегі Рейхстагқа бірінші болып жеңіс туын тіккендердің бірі. Бұл ерлігі ұзақ жылдар бойы мойындалмаса да, бүгінгі таңда оның батырлығы бүкіл елге белгілі. Рахымжан Қошқарбаев – қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесінің көрінісі.

Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова – майдан даласында ерлікпен қаза тапқан қазақтың батыр қыздары. Әлия – мерген, 70-тен астам жау солдатына тосқауыл қойған. Мәншүк – пулеметші, соңғы оғы қалғанша шайқасып, ерлікпен көз жұмған. Екеуі де Кеңес Одағының Батыры атанған алғашқы қазақтың қайсар қыздары.

Бауыржан Момышұлы – Мәскеу түбіндегі шайқастарда аты аңызға айналған қолбасшы. Ол әскери ғана емес, рухани батыр ретінде де танымал. Соғыстан кейін де халыққа қызмет етіп, әскери-патриоттық тақырыпта көптеген кітап жазды. Оның қаһарман бейнесі ұлттың ерлік шежіресіне айналды.

Тахауи Ахтанов – жас офицер кезінде майданға аттанып, ауыр жарақат алғанына қарамастан, елге оралып, соғыстан кейін әдебиетке ден қойған. Оның шығармаларында соғыстың шынайы бейнесі көркем тілмен суреттеліп, ұрпаққа ой салады. Ол – соғыс тақырыбын көркем әдебиетте терең талдаған қаламгерлердің бірі.

Қасым Қайсенов – аты аңызға айналған партизан. Ол Украина мен Молдова ормандарында фашистерге қарсы күресіп, аса қауіпті тапсырмаларды орындаған. Соғыстан кейін жазушылықпен айналысып, өзінің естеліктері арқылы жас ұрпақты ерлік пен елжандылыққа тәрбиеледі. Оның партизандық өмірі мен ерліктері – нағыз отаншылдықтың үлгісі.

Олармен бірге майдан шебінде де, тылда да жұмыс істеген мыңдаған қарапайым адамдардың үлесі ескерусіз қалмауы тиіс. Қазақ халқының әйелдері, қарттары мен жастары тылда күндіз-түні еңбек етіп, майданға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек жіберіп отырды. Бұл – бүкіл халықтың бірлігі мен табандылығының үлгісі.

Бүгінгі күні бұл батырлардың есімі мектеп оқулықтарында, ескерткіштерде, көшелер мен мектептер атауларында ұлықталып отыр. Олардың ерлігі – біздің ұлттық мақтанышымыз, ал Жеңіс күні – сол ерлікті еске алатын қасиетті күн.

Жеңіс күні және бұқаралық мәдение жиындар

Жеңіс күні телеарналарда соғыс туралы фильмдер көрсетіледі. Оның ішінде аңызға айналған туындырлардан бастап, Қазақстан жауынгерлерінің ерлігіне негізделген заманауи картиналарға дейін бар. Әскери әндер шырқалады, әдеби кештер өтеді, майдангерлердің өлеңдері мен естеліктері еске алынады. «Катюша», «Жеңіс күні», «Тырналар», «Ерлік» сияқты әндер орындалады.  Олар жастарды патриоттыққа тәрбиелейді. Естелік жобалар, кино байқаулар мен театр қойылымдары ұйымдастырылады. Мұның бәрі Жеңіс мұрасының мәнін тереңдете түсуде.

Жеңіс күніне арналған сыйлықтар

Мерекенің маңызды бір бөлігі – сыйлықтар. Егер отбасында ардагер болса, оған құрмет көрсету аса маңызды. Бұл – естелік медаль, жиектелген сурет, мұрағат фотосуреттері бар альбом сияқты естелік сыйлық болуы мүмкін. Сондай-ақ жылы көрпе, шай жиынтығы, термос немесе немерелері мен шөберелерінің хаты секілді пайдалы сыйлықтар да назар аударуға тұрарлық. Егер отбасыда ардагер болмаса, көршілерді, жалғыз тұратын қарттарды құттықтап, көңіл бөлуге болады. Бұл күні ең үлкен сыйлық – үлкенге құрмет, шынайы қамқорлық.

Жеңіс күнін басқа елдер қалай атап өтеді

Жеңіс күні тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де тойланады. Ресей мен Беларусь елдерінде– үлкен парадтар ұйымдастырылатын мемлекеттік мереке. Франция мен Германияда 8 мамыр атап өтіледі, ал АҚШ-та – Еске алу күні (Memorial Day) бар. Израильде де орыс тілді қауым 9 мамырды құрметпен қарсы алады. Осылайша, бұл мереке халықаралық сипатқа ие, әр елде әртүрлі форматта аталып өткенімен, оның мәні ортақ. 

9 мамыр – қазақстандықтардың ұжымдық болмысының бір бөлігі. Бұл тарихты тірілтіп, болашақты қалыптастыратын, өткенге құрметпен қарауға үндейтін мереке.