
5 мамыр – жаңа өмірдің бастауында тұратын ерекше жандардың, яғни акушер мамандардың кәсіби мерекесі.
Қазақстанда жыл сайын шамамен 370 мың босану тіркеледі. Бұл әрбір сәби дүниеге келгенде, жанында міндетті түрде акушер болады деген сөз. Олар болашақ ананың перзентханаға келген сәтінен бастап, үйіне оралғанша жанынан табылып, тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, моральдық тұрғыда да үлкен демеу болады. Бұл — әйел үшін де, оның сәбиі үшін де ең жауапты, ең сезімге толы сәттер.
- Елімізде 240 босандыру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 58 перзентхана мен 37 перинаталдық орталық бар.
- Амбулаториялық көмекті 810 әйелдер консультациясы, 1 282 дәрігерлік амбулатория және 790 фельдшерлік-акушерлік пункт көрсетеді.
- Қазіргі таңда Қазақстанда 9 мыңнан астам акушер еңбек етеді. Олардың 64 пайызы қалада, 36 пайызы ауылдық жерлерде жұмыс істейді.
- Перзентханаларда 3 740 акушер, ал алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 3 675 маман қызмет етеді.
- 600-ден астам акушер шалғай елдімекендерде орналасқан фельдшерлік-акушерлік пункттерде халыққа қызмет көрсетіп жүр.
Мерекенің тарихы:
Халықаралық акушерлер күнін атап өту идеясы алғаш рет 1987 жылы ұсынылып, 1992 жылдан бастап ресми түрде мойындалған. Бұл күнді әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Қазақстан да жыл сайын атап өтеді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 7 мамыр мен 9 мамыр мереке күндеріне байланысты қысқа жұмыс аптасы басталды.