Жаңалықтар

7 мамыр – отан қорғаушылар күні: Аралбаевтардың әскери әулеті

7 мамыр – қорғаушылар күні – Аралбаевтар үшін нағыз мереке./фото: жеке мұрағаттан
7 мамыр – қорғаушылар күні – Аралбаевтар үшін нағыз мереке / фото: жеке мұрағаттан

7 мамыр – отан қорғаушылар күні. Десе де, Аралбаевтар үшін бұл күн – кәсіби ғана емес, нағыз отбасылық мереке.

Өйткені, Әсет Аралбаевтың жары – Әлия Аралбаева да, үлкен ұлы Бауыржан Аман да әскери қызметте.

Өмір жолы: десанттан – оркестрге дейін

Әсет Аралбаев 1979 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылында өмірге келген. Мектеп бітірген соң, 1998 жылы әскерге шақырылып, Қапшағай қаласындағы (қазіргі – Қонаев) №32363 десанттық-шабуылдау бригадасына түсіп, екі жыл азаматтық борышын өтеген.  Содан кейін де әскери қызметті жалғастыруды ұйғарады. 2000 жылы Қаракемер кентіндегі №6654 әскери бөліміне мерзімнен тыс әскери қызметке келеді.

Әскери қызмет атқара жүріп, Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледжге түсіп, музыканттан бастап әскери оркестрдің аға старшина шенінде демалысқа шығады.

Алты мың теңге айлық

2004 жылы оркестрде істеп жүріп, отбасын құрады. Жұбайы Әлия Аралбаева да – әскери.  №5571 әскери бөлімі әскери оркестрінің аға маманы (концертмейстер).

«Шын мәніде әскери өмір өте қиын. Ауызбен айтқанға ғана оңай көрінеді. 2000 жылы әскери қызметке келген кезде жалақым небәрі 6 мың теңге ғана болды. Ол кезде күзет қызметінде жүргендердің өзі 15 мың теңге айлық алатын. Сол кезде кейбір достарым: «Әскерде не істеп жүрсің? Біз екі тәулік демалып, бір күн ғана істеп осынша жалақы аламыз», – деп қызығы мен шыжығы көп әскери қызметтен кетуге сан мәрте үгіттеген.  

Десе де, Әсет Аралбаев әскери өмірден бас тартпады.

«Офицер болу – бала күнгі арманым»

Өйткені, әскери адам болу оның бала күнгі арманы болатын. Туған ауылы Қалжат шекарада орналасқан. Төңірегінде бес застава болған. Ол бала күнінен әскерилерді көріп, соларға еліктеп, офицер болуды, шекараны қорғауды армандаған. Сондықтан 7 мамыр – қорғаушылар күні – Аралбаевтар үшін нағыз мереке.

«1996 жылы мектепті бітірген жылы шекарашылар училищесіне тапсырдым. Емтиханның бәрінен сүрінбей өттім. 700 жігіт бас сынағанмен, қабылдайтыны бары-жоғы 250 адам еді. Сондықтан мандатты комиссиядан өтпей қалдым», – дейді Әсет Аралбаев.

Мектепте үздік бітірген, тепсе темір үзетін жігіт оқуға түсе алмай қалғанын намыс көрген.

Содан Алматы іргесіндегі Моловодное ауылында екі жыл еңбекке араласады. 1998 жылы әскер қатарына алынып, десант болады. Әскери өмірге әбден дағдыланған отағасы әскери қызметке қайта оралады.

«Баламызды балабақшаға әкелгенде, тек күзетшілер жүретін»

«Әскери өмірге мені арман жетектеп әкелді. Әйтпесе, ол жерде адам қызығатын айлығы болмады. Бойдақ кезде әскери өмірдің қиындықтары қатты білінбеді. Үйленген кезде қатты білінді. Ол жерде наряд, дабыл және басқа да міндеттер бар. Апталап үй көрмейтін кез болады. Отбасың бар ма, жоқ па, қалай қамтамасыз етілген, етілмегені, ешкімді қызықтырмайтын еді. Ол – сенің жеке мәселең. Балаң ауырып қалса, ауруханаға апарамын деп сұрану қиямет-қайым», – дейді отағасы.

Айтуынша, жұбайы декреттен әскери қызметке қайта келгенде, балалар үшін екі есе қиын болған.

«Екеуміз де жұмыстан шыға алмай қаламыз. Таңертең ерте баламызды балабақшаға апарып тастаған уақытта, ол жерде тек күзетшілер жүретін. Сағат 8-9-да тәрбиешілері келемін дегенше, бізде развод басталады. Әскерилердің кешігуіне мүлде болмайды. Кешіксең қатаң сөгіс аласың. Баламызды алып қайтқанда да, ол балабақшада жалғыз отыратын», – деп есіне алады Әсет Аралбаев.

«Отанға қызмет етуді абырой деп санадым»

Әскери өмірдің қиындығына қарамастан, адал қызмет етуге не түрткі болды? Бұл сауалға отағысының өзі де көп жауап іздегені анық.

«Ақшасына қызықтым дейін десең, ағыл-тегіл айлық жоқ. Неге бұл қызметті таңдадым деп өзіме талай сұрақ қойдым. Жауабын да таптым. Өйткені, бұл – менің бала күнімдегі арманым еді. Қазір жұрттың дені патриотизм сезіміне көп сене бермейді. Десе де, бұл қызметтің ауыртпашылығын көтеруге түрткі болған жайт – патриотизм еді. Отанға қызмет етуді өзіме абырой деп санадым», – дейді Әсет Аралбаев.

Әскери қызметкер ұлы Бауыржан Аманның арманын орындағанын мақтанышпен айтады.

«Ұлым дүниеге келген кезде, Бауыржан Момышұлы атамыздай хас батыр болсын деп, атын Бауыржан деп қойдым. Өйткені, бала күнімнен Бауыржанды үлгі тұтатын едім. Сол балам Бауыржан мен түсе алмаған шекарашылар училищесін (қазір – шекара академиясы) бітірді», – дейді Әсет.

Бұл әулетте 7 мамыр – отан қорғаушылар күні ерекше аталып өтеді.

Әскерилердің тұрмысы түзелді

Әрине, қазір әскерилердің әлеуметтік жағдайды көп жақсарды. Соңғы жылдары айлық көтерілді. Ай сайын пәтерақы төлеп жатыр. Әлеуметтік жағанынан қамтамасыз етіліп жатыр.

«Соңғы жылдары әскери қалашықтағы үш бөлмелі пәтерде тұрдым. Заң өзгеріп, барлық әскерилерге пәтер әперудің орнына ақшалай төлейтін болды. Бір адам басына шаққанда 18 шаршы метрден тиесілі болуы керек. Бала санын ескеріп, 25 миллион теңге қолыма берді. Есік қаласының маңынан үй сатып алдым. Бұл да – өкіметтің бір көмегі. Баспана мәселесі шешілген соң, көрген қиындықтарымызды ұмытқандай болдық. Отанға бекер қызмет етпегенімізді, еңбегіміздің еленгенін айқын сезіндік», – дейді әскери әулеттің үлкені.

«Отанды біз қорғамасақ, кім қорғайды?»

Әсет Аралбаевтың 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні жастарға өз айтары бар. Ол әскери міндетін орындаудан қашпауға шақырады.

«Сәуір айында жұбайымыз екеуміз базар маңында кетіп бара жатқан едік. Алдымыздан бір жас жігіт құйындай болып жүгіріп өтті. Артынан бір капитан қуып келе жатыр. Ол әскерден қашып жүрген жас жігіт екен. Мен сондай жастарға қарным ашады», – дейді ол.  

Әсет Аралбаевтың  пікірінше, әскери борышын өтеу әрбір Қазақстан азаматының борышы.

«Отанды біз қорғамасақ кім қорғайды. Ата-бабаларымыз әлемде 9 орын алатын жерді аманат етіп қалдырды. Бізде бұл аманатты келешек ұрпаққа жеткізуіміз керек. Қазір небәрі бір жыл ғана борышын өтейді. Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Әскерде адам шыңдалады. Әке-шешенің, бауырдың, дос-жаранның қадірін түсінеді. Әскерге бармаған бала көп нәрсенің қадірін біле бермейді», – дейді әскери қызметкер.  

Оның айтуынша, отанды қорғауға бәріміз міндеттіміз. Өйткені, отан деген ұғымның ішінде өзіңнің де отбасың, бала-шағаң, туған-туыстарың бар.

Айта кететін жайт, 7 мамыр – отан қорғаушылар күні өтетін парадқа байланысты Астанада көшелер жабылатыны туралы жазған едік.