Жаңалықтар

Демографиялық дағдарыс: Жапония мен Қытай қалалары неге қаңырай бастады

Демографиялық дағдарыс Жапонияда ғана емес, оның көрші елдерінде де байқалып отыр./фото: shuttertsock
Демографиялық дағдарыс Жапонияда ғана емес, оның көрші елдерінде де байқалып отыр./фото: shuttertsock

Демографиялық дағдарыс Жапонияны алқымнан алды. Он төрт жасқа дейінгі балалардың саны халықтың 12 пайызынан аспай отыр.  

СNN ақпаратына қарағанда, Жапонияда балалардың саны 44 жыл бойы қатарынан қысқарып жатыр. Қазір рекордты деңгейге жеткен.

Жапондар бала тууды қойды

Ішкі істер және коммуникация министрлігінің мәліметі бойынша, 1 сәуірде 14 жасқа дейінгі балалардың саны 13,66 млн болған. Былтырғы көрсеткіштен 350 мыңға қысқарған.

Айта кетерлік жайт, 2023 жылы АҚШ-тағы балалардың үлесі 21,7 пайыз болса, Қытайда 17,1 пайыз болды.

Мемлекет шаралары қауқарсыз

Жапония үшін демографиялық дағдарыс ең өзекті мәселеге айналды. Туу көрсеткіші жыл сайын азайып келеді. Мемлекеттің жастарды отбасын құруға ынталандыру шаралары ешқандай нәтиже бермей отыр. Сонымен қатар, туған адамнан өлген адамдардың саны екі есеге көп. Бұл – халық санының кемуіне, жұмыс күшінің жетіспеуіне әкеліп соғады. Экономикаға мұның зияны орасан.

2065 жылға қарай 88 миллионға дейін азаймақ

Жапония қазір «ең қартайып бара жатқан ел» деп аталып жүр. Халқының 20 пайызы 65 жастан асқандардан тұрады. 2024 жылы Жапонияда 123 миллион адам тұрса, 2065 жылға қарай халық саны 88 миллионға дейін азаюы ықтимал.

Сарапшылардың сөзіне қарағанда, жастардың отбасын құрып, бала сүюіне Жапониядағы өмір сүру құнының қымбаттығы, экономикадағы тоқырау, жалақының өспеуі, қатаң жұмыс мәдениеті кедергі болып отыр. Жастар шаңырақ көтеруге емес, мәнсап қууға уақыт жұмсайды.

Қытайдың саны үш жыл бойы кеміді

Демографиялық дағдарыс Жапонияда ғана емес, оның көрші елдерінде де байқалып отыр. Айталық, Қытай, Гонконг, Тайвань және Оңтүстік Корея да халық санының азаюымен күресіп жатыр.

Бұл Еуропа елдерінде де жиі кездесетін құбылыс. Десе де, олар халқының қартайғанын білдіртпеу үшін иммиграцияға есігін айқара ашқан.

Қытайда да соңғы кездері қатарынан үш жыл бойы халық саны кеми түскен. Өлім-жітім туудан асып отыр. Үндістан халық саны жағынан Қытайды басып озды.

Мұның алдында Жапонияның экономика министрі Рёсэй Аказава тариф бойынша келіссөздер жүргізуге АҚШ-қа барған еді.