Жаңалықтар

2035 жылға дейін химия саласына 4,8 трлн теңге инвестиция тартылады

Фото: shutterstock

Қазір еліміздің химия саласында 49 жоба іске асырылып жатыр. Алдағы он жылда бұл салаға 4,8 трлн теңге инвестиция келуі қажет. Бұл туралы үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады.

Министрдің сөзінше, 49 жобаның ішінде ең негізгілері мұнай және металлургия саласына қажет химия өнімдерін шығаруды көздейді. Қазір министрлік алдында шикізаттық модельден бас тарту деген мақсат тұр.

«Осы мәселе бойынша өндірісі жоғары дамыған Қытайлық инвесторлармен, атап айтқанда China Energy және East China Engineering and Technology сияқты ірі компаниялармен жұмыстар жүріп жатыр», – деді Нағаспаев өз баяндамасында.

Тағы бір маңызды жоба – агрохимия саласы. Ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ерекше маңызды. Осыған орай 2030 жылға дейін жергілікті егіншілерді отандық тыңайтқыштардың негізгі түрлерімен (азот, фосфор, калий) толық қамтамасыз ету деген міндет тұр. Сонымен бірге карбамид, калий хлориді сияқты жаңа тыңайтқыш түрлерін өндіру жоспарланған.

Қазір химия саласы өңдеу өнеркәсібінің 4,6% пайызын құрайды. Жыл қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 7,7% пайызға өсіп, 1,1 трлн  теңгеден асты.

Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай-газ химиясы өнеркәсібі жайлы заң жобасы әзірленіп жатқанын да айтқан. Осы жылы үкіметтегі заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізуі қажет.