Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы заң жобасы әзірленіп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Энергетика министрлігі «Мұнай-газ-химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Құжатты «ҚазМұнайГаз» ҰК», «KazEnergy» қауымдастығы және мұнай-газ-химиясы өнімдерін өндірушілермен бірлесіп дайындайды. Бұл туралы үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

Заң жобасының мақсаты – мұнай-газ химиясы саласын дамыту үшін ашық әрі тиімді құқықтық негіз қалыптастыру. Жаңа заң алдында

  • кәсіпорындардың шикізат базасына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету;
  • қажетті инфрақұрылымды дамыту;
  • мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде қаржыландыру, субсидиялау және салықтық жеңілдіктерді қолдану деген міндет тұр.

Ақкенженовтың сөзінше, заңның консультативтік құжаты Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелеріне келісуге жолданды. Әділет министрлігі оны Үкіметтің 2025 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізуі қажет.

Нарықтағы қатысушылар кімдер?

2007 жылы елімізде мұнай-газ химиясы саласын дамыту мақсатында арнайы экономикалық аймақ құрылған. Оның аумағы 3 615 гектар және Қарабатан, Теңіз және Технопарк атты негізгі үш алаң бар. Қазір экономикалық аймақта 18 қатысушы тіркелген. Олардың қатарында полипропилен, полиэтилен, синтетикалық каучук және бутадиен сондай-ақ пластикалық бұйымдар мен геосинтетикалық материалдар өндіретін кәсіпорындар шығару жөніндегі ірі жобалар бар.

2029 жылға дейін Ақтөбе облысында карбамид өндірісі, Ақтаудағы аммиак-карбамид кешені,  полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндірісі, ал 2027 жылға дейін алкилат өндірісі іске қосылады деген жоспар тұр.

Еліміздің мұнай-газ химия саласында инвестиция салуға қытайлық компаниялар қызығып отыр. Ал Маңғыстаудағы құны 1,35 миллиард доллар болатын аммиак, карбамид зауытын  түрік компаниясы инвестиция салмақшы.

Сондай-ақ оқыңыз