
АҚШ президенті Дональд Трамп Голливудты құтқару үшін шетел фильмдеріне баж салығын 100%-ға көтерді. Бұл туралы ол өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісіне жазды.
Трамптың пікірінше, отандық киноөндіріс «өліп барады». Себебі өзге де елдер америкалық киноөндірушілерді өзіне тартып жатыр.
«Басқа да елдердің ұйымдасқан әрекеті ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп. Оны үгіт-насихатқа да жатқызуға болады. Біз Америкада түсірілген фильмдерді көргіміз келеді», – деп жазды Трамп.
Сауда министрі Говард Лютник «Осы іспен айналысып жатқанын» X әлеуметтік желісінде хабарлады.
Алайда Лютник те, Трамп та шетел киносына баж салығы қалай енгізілетіні туралы ештеңе түсіндірмеді.
Биыл қаңтарда Трамп Голливудтың үш ардагері Джон Войт, Сильвестр Сталлоне және Мел Гибсонды отандық киноны жандандыру үшін қызметке тағайындаған. Үшеуі Голливудты көркейтуі тиіс болған.
2023 жылы актерлер мен сценаристер ереуілінен кейін Лос-Анджелесте көп кино түсіріле бермейді. Оның үстіне биыл қаңтарда мұндағы ормандар өртенді деп жазды Reuters.
FilmLA үкіметтік емес ұйымының мәліметінше, кейінгі он жылда өңірде фильм және телебағдарлама түсіру шамамен 40%-ға кеміген. Әлемнің басқа да елдері салық жеңілдіктерін жасап, кино өндірушілерді өз еліне шақырып отыр.
Ampere Analysis мәліметінше, бүкіл әлем бойынша 2025 жылы кино өндірісіне 248 млрд доллар жұмсалады.