13 мамырдан бастап Шу — Бурылбайтал жолы ақылы болады

Қазақстанда жаңа ақылы жол пайда болады. 13 мамырдан бастап Шу мен Бурылбайтал арасындағы жол учаскесі ақылы болмақ.
Көлік министрлігінің бұйрығына сәйкес, 2025 жылдың 13 мамырынан бастап Шудан Бурылбайталға дейін созылып жатқан 175.8 шақырымдық жолдың бір бағытына мынадай тариф қолданылады:
- орын саны 16-дан аспайтын автобус және 2.5 тоннаға дейін жүк көтеретін жүк көлігі үшін алдын ала төлем — 0.2624 АЕК (1 031.75 теңге), кейінгі төлем — 0.3086 АЕК (1 213.41 теңге);
- орын саны 32-ден аспайтын автобус және 5.5 тоннаға дейін жүк көтеретін жүк көлігі үшін алдын ала төлем — 0.5297 АЕК (2 082.78 теңге), кейінгі төлем — 0.6221 АЕК (2 446.09 теңге);
- орын саны 32-ден көп автобус және 10 тоннаға дейін жүк көтеретін жүк көлігі үшін алдын ала төлем — 0.7921 АЕК (3 114.53 теңге), кейінгі төлем — 0.9306 АЕК (3 659.12 теңге);
- 10 тоннадан 15 тоннаға дейін жүк көтеретін жүк көлігі үшін алдын ала төлем — 1.057 АЕК (4 156.12 теңге), кейінгі төлем — 1.2441 АЕК (4 891.8 теңге);
- тіркемесі барын қоса алғанда, 15 тоннадан артық жүк көтеретін жүк көлігі, ершікті тартқыш үшін алдын ала төлем — 1.3194 АЕК (5 187.88 теңге), кейінгі төлем — 1.5527 АЕК (6 105.21 теңге).
Көлік иелері автомобиль түріне байланысты 1-60 АЕК (3932-235 920 теңге) көлеміндегі сомаға айлық не жылдық абонемент ала алады.
Ведомство мәліметінше, аталған жол учаскесі бойынша төлем жүйесі 20 жыл бойы қолданылатын болады.
Еске салайық, жуырда Қостанай мен Денисовка арасындағы жол учаскесі ақылы режимге көшкен болатын. Бұл бағыттың ұзындығы – 151 шақырым.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының хабарлауынша, 2025 жылдың басынан бері көлік жүргізушілер ақылы жолдар арқылы 12 млн-нан астам рет жүріп өткен. Бүгінде Қазақстанда 20 ақылы жол бар.