Lifestyle

Chery автосалондарында гуманоид-роботтар клиенттерге қызмет көрсете бастады

Алғашқы роботтар қазірдің өзінде Малайзиядағы Chery автосалонының клиенттеріне қызмет көрсетеді / carscoops.com

Қытайлық брендтер көлік сатудың жаңа тәсілін енгізіп жатыр. Енді Chery дилерлік орталықтарында клиенттерді менеджер мамандар емес, адам бейнесіндегі роботтар қарсы алады. Осындай алғашқы роботтың аты – Mornine, ол қазіргі уақытта Малайзияда жұмыс істеп жатыр. Болашақта мұндай «қызметкерлердің» саны арта түспек.

Шанхай автосалонында, сондай-ақ дилерлік кездесуде қытайлық бренд DeepSeek нейрожелісімен жабдықталған кеңесші-роботты таныстырды. Гуманоид робот сағатына 4 км жылдамдықпен жүре алады және 10 тілде сөйлей алады. Ол клиенттерге көліктің сипаттамалары бойынша кеңес беріп, сусындар ұсынуға қабілетті.

2025 жылдың ішінде Chery компаниясы автосалондарға осындай 220 роботты жеткізуді жоспарлап отыр. Ұзын шашты, әйел бейнесіндегі бір роботтың бағасы шамамен 50 мың еуроны (29,3 млн теңге) құрауы мүмкін. Алайда дилерлер әзірге нақты тапсырыс беруге асығар емес, олар Chery компаниясының соңғы баға ұсынуын күтуде.

Mornine The Robot Is Coming For Car Sales

Жобаның мақсаты – технологияны ерекше жақсы көретін Қытайдағы жас сатып алушылардың назарын аудару. Mornine — брендтің ауқымды роботтандыру бастамасының алғашқы қадамы ғана. Компания Aimoga деп аталатын бағытты дамытып жатыр, оның аясында роботтандырылған үй жануарлары да жасалуда.

Chery International президенті Чжан Гуйбиннің айтуынша, Aimoga — бұл жай қосымша жоба емес, «компанияның болашағы». Айта кету керек, көптеген автоконцерндер де дәл осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Hyundai — Boston Dynamics компаниясының иесі, Mercedes Берлиндегі зауытында гуманоидтарды сынақтан өткізіп жатыр, ал Tesla өз роботтар тобын құруда. Болашақта мұндай машиналар тұтас бөлімдердің орнын басуы мүмкін — олар жалақы сұрамайды, ауырып қалмайды және жалқаулық танытпайды.

Андроид-робот қыздар компания көліктерін сатады

Қытайдың Уху қаласында «EXEED 2024 ғаламдық пайдаланушылар саммиті» кезінде де жиналғандарды ең алдымен робот-бикештер ерекше құрметпен қарсы алған болатын. Андроид жүйесі енгізілген инновациялық туынды компания және оның өнімдері туралы қойылған сұрақтарға еркін жауап береді. Аталған роботтар компания өндіретін барлық автокөліктер туралы толық мағұлматқа ие, сондықтан клиенттерге қажетті ақпаратты еркін жеткізіп, конструктивті диалог құра алады.