Жаңалықтар

Елде көппәтерлі үйлерді күтіп-ұстау тарифтері жыл сайын өсіп отырады

АЕК жыл сайын өсіп отыратындықтан, үйді ұстауға арналған төлем де бірге өсіп отырады / Фото: shutterstock

Қазақстанда көпқабатты үйлерді күтіп ұстау үшін төлемді есептеу ережелері өзгеріп жатыр. Енді тұрғындардың ай сайын пәтер иелері кооперативі (ПИК) немесе мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) төлейтін ең төменгі тарифі айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленеді.  Бұл туралы Kursiv.media  Krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл дегеніміз — АЕК жыл сайын өсіп отыратындықтан, үйді ұстауға арналған төлем де бірге өсіп отырады.

Қазіргі уақытта тарифтерді әкімдіктер белгілейді. Мәселен, Алматыда — бір шаршы метрге 40 теңге, Астанада — 57 теңге. Алайда бұл сома көп жағдайда ғимаратты базалық деңгейде күтіп ұстауға да жетпейді.

Жаңа жүйе тарифті бір шаршы метрге жыл сайын 2–3 теңгеге біртіндеп көтеруді көздейді. Өзгерістердің бастамашылары мұндай тәсіл кенеттен болатын апаттар мен құрылғылар бұзылуын болдырмауға, үнемдеудің салдарынан туындайтын ірі шығындардың алдын алуға көмектеседі дейді.

Айта кетейік, Қазақстанда коммуналдық қызметтердің тариф бағасы да артады. Тұрғын үй-коммуналдық жүйелерін жаңғырту жүріп жатқандықтан, тарифтер 2029 жылға дейін өседі.