Алматыда шахматтан юниорлар чемпионатының жеңімпаздары белгілі болды

Алматыда классикалық шахматтан 20 жасқа дейінгі бозбалалар мен қыздар арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Еліміздің чемпионы атағын Алматының 18 жасар шахматшысы, ФИДЕ шебері Ерлан Тілеуханов және Түркістан облысына өкілдік еткен 15 жастағы Әсия Асылхан жеңіп алды.
Жеңімпаздар жайлы…
Екі чемпион да мүмкін болатын 9 ұпайдан 7 ұпай жинап жарысты бірдей нәтижемен аяқтап, ең жоғары перфоманс бойынша жеңімпаздар деп танылды.
Турнирде бас-аяғы 109 шахматшы юақ сынасты. Оның 76-сы бозбала, 33-і қыздар. Биылғы жылы жарыс «жаңа классика» атты эксперименттік регламент бойынша өтті. Ол бойынша партияға 60 минут беріледі де, әр жүріс үшін 30 секунд қосылады. Сұлбасы – швейцариялық жүйе бойынша 9 тур. Турнирдің жүлде қоры 1,2 миллион теңге болды, одан чемпиондарға 270 000 теңгеден табыс етілді.

Бозбалалар:
- 🥇 Ерлан Тілеуханов (FM, 2169, Алматы) – 7 ұпай, перфоманс 2276
- 🥈 Владислав Малыгин (2166, Павлодар обл.) – 7 ұпай, перфоманс 2231
- 🥉 Асман Баянтас (2107, Павлодар обл.) – 7 ұпай, перфоманс 2165
Турнир фавориттерінің бірі FM Иманғали Ақылбай (2346, Алматы обл.) жеңіс тұғырынан бір қадам жерде қалды. Ол да 7 ұпай жинады, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша жеңіліс тапты. Ең мықты ойыншылар сегіздігіне IM Сәтбек Ахмединов, FM Ернұр Амангелді және CM Әлихан Хажатұлы сынды тәжірибелі шахматшылар кірді.
Қыздар:
- 🥇 Әсия Асылхан (1939, Түркістан обл.) – 7 ұпай, перфоманс 2028
- 🥈 Жанбота Қамарова (1954, Ақмола обл.) – 7 ұпай, перфоманс 1975
- 🥉 WFM Кристина Попандопуло (2061, Қарағанды обл.) – 6½ ұпай, перфоманс 1951

Әсия – соңғы екі жылдағы Қазақстан Балалар кубогының чемпионы – осы жолы да көшбасшы екенін растады. Шешуші турда жеңіске жетіп, перфоманс жағынан финалдық турға дейін алдына жан салмай келе жатқан Жанбота Қамарованы басып озды.
Өткен жылдың күміс жүлдегері Кристина Попандопуло бұл жарыста қола медаль жеңіп алды. Үздік ойыншылар ондығына жас және болашағынан зор үмір күттіретін бірнеше шахматшы қыз, соның ішінде WFM Ханзада Аманжол және WFM Айдана Мәди қатар кірді.

«Өткен чемпионат жас спортшыларымызға өзін көрсетуге және әлемнің ең беделді алаңдарында Қазақстанның намысын қорғауға дайын екендіктерін дәлелдеуге мүмкіндік берді. Мұндағы әрбір партияның артында көп уақыт бойғы дайындық, батыл идеялар мен биік амбициялар жатыр. Жас шахматшылар медаль алу үшін ғана емес, жарқын кәсіби болашағы туралы арманын іске асыру үшін де күресті. Біз олардың табандылығын ерекше мақтан тұтамыз және осынау қиын, бірақ қызықты жолда оларға қолдау көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Біздің міндетіміз – олардың қасында болу, жаңа мүмкіндік жасау және қажетті ресурстар беру», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
U20 чемпионатының жеңімпаздары:
- Қазақстанның ересектер арасындағы финалдық чемпионатына жолдама (20 мамыр – 2 маусым, Астана);
- U20 Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғау құқығын;
- Ақшалай жүлде: 1-ші орын үшін 270 000 ₸, 2-ші орын үшін 210 000 ₸, 3-ші орын үшін 120 000 ₸ алады.
IM Сәтбек Ахмединов, FM Ораш Шоназаров, FM Ернұр Амангелді сынды турнир фавориттері соңына дейін күресті, бірақ жаңа буынның жас жұлдыздары басым түсті.
Турнирдің толық нәтижелерін мына сілтеме арқылы көруге болады:
https://chess-results.com/tnr1150657.aspx