Жаңалықтар

«Телефонға түсіріп, ұрып-соқты»: Шерзат ісіндегі сотталушы жауап беріп жатыр

Дархан Әскентайдан жауап алынып жатыр/фото: kursiv.media

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесінде сотталушы Дархан Әскентайдан жауап алынып жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.

Ол сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабына келіспейтінін, өзіне қысым көрсетілгенін айтты.

«Ол кездегі жауаптармен толық келіспеймін. 24 сағат қамалған жеті жігітке қысым келтірілді. Өзім жарақат алғаннан кейін дұрыс жауап бере алмадым. Ойымды жинақтай алмадым, бүгін болған оқиғаны айтып беремін. Сол күні қорғаушымыз болды. Кешке дейін телефонға түсірді, кабинеттен кабинетке тасыды. Ұрып-соғып, боқтық сөздер айтқаннан кейін… Оқиға болған жерге апаратын кезде ғана далаға шығарды», – деді Әскентай.

Ал мемлекеттік айыптаушы сотқа дейінгі тергеу барысында Дархан Әскентайдан 6 рет жеке жауап алынғанын айтты. Үш рет беттестіру болған. Бір рет айғақтарды нақтылаған.

Алайда сотталушы сол жауабының ешқайсысында Шерзат Полаттың қолында кастет болатынын айтпаған. Тек сот отырысына келген кезде ғана айтқан.

Дархан Әскентай қайғылы оқиға болған күні мылтықты көргенін айтты.

«Нұрқанаттың қолында мылтық болды. Екі рет оқ атты. Оны өзім көрдім. Қайдан алып шыққанын білмеймін. Біріншісінде қорқытамын деп атты. Екіншісінде жігіттердің артынан жүгіріп барып, «атамын, тоқтаңдар» деп атты. Мылтық атылды. Сол кезде бір баланың құлап қалғанын көрдім. Оқ тиді ме деп қорықтым», – дейді ол.

Дархан Әскентай Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша айыпталып отыр. Сотталушы тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. Сондай-ақ соттан өзінің әрекетіне сай жаза беруді сұрады.

Айтуынша, жәбірленуші тарапқа ешқандай күш қолданбаған. Тіпті қылмыстық іс басталғанша сотталушылардың арасында тек Нұрболды таныған.

«Нұрқанатпен сөйлесіп тұрған кезде Қаржаубай пышақ алып шықты. Ол кісі балалар келмей тұрып пышақ көрсетті. Бұл дүкеннің сыртында болған жағдай. Ол балағат сөздер сөйледі. Нұрбол кешірім сұрады. Нұрболды 2016 жылдан бері танимын. Мақтанатын адам емес. Қаржаубай «Хуторский» деп айғайлағанды қайдан шығарып алғанын білмейді екенмін. («Денсаулығын қойып береді») деген әңгіме болған жоқ», – дейді сотталушы қорғау тарапының адвокаттары қойған сұраққа жауап берген кезде.

06.05.2025ж. 1-бөлім. Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша ашық сот процесі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар:

Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.

Равиль Сакиев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу);

Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);

Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру).