Абай университетінде студенттерге арналған жиыннан шу шықты

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Абай университетінде студенттерге арналған жиыннан шу шықты
Абай университетінде студенттерге арналған жиыннан шу шықты/Фото: Абай университетінің сайты

Абай атындағы қазақ ұлтттық педагогикалық университетінде 1 курс студенттеріне арналған жиынның соңы шуға ұласты.

Qumash instagram паблигінде студенттердің шағымы жарияланды. Онда 1 курс студенттерің қыздары өздерін шұғыл жинап, нақыл сөздер жазылған парақ таратып, тәрбиелік мағынасы бар видео көрсеткенін айтады. Сөздерінше, видеода түрлі жастағы ер адамдар қыздардың жүріс-тұрысы туралы пікір білдірген.

«Бейнероликтің негізгі тезисі – қыздарға ашық киім киюге, қатты сөйлеуге болмайды, ал ер адамдармен кездескенде иіліп дұрыс сәлемдесу керек дегенге саяды. Бұдан бөлек, аға оқытушының айтуынша, еуропалық әйелдерге тым көп еркіндік берілгендіктен, сол жақта ЛГБТ және басқа да құбылыстар кең таралған-мыс. Жиналыс біткенше залдан ешкімді шығарған жоқ», – делінген студенттер шағымында.

Абай университеті 5 мамырда студенттермен кездесу өткенін растап, оны жалпы тәрбиелік бағыттағы кездесулердің бірі екенін атап өтті.

Университет түсініктемесінде ұлттық құндылықтарды, Абай Құнанбаевтың тәрбие философиясын дәріптейтін тақырыптардағы шаралар тұрақты түрде өтетіні айтылып, осы уақытқа дейін олардың мазмұнына қандай да бір сын болмағанын жеткізген.

«Аталмыш іс-шараның да негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың мәдени-әдептілік сана-сезімін арттыру және этикалық нормаларды түсіндіру болған. Алайда, кездесу барысында көрсетілген бейнематериал кейбір қатысушылардың тарапынан әртүрлі қабылдауға ие болып, олардың арасында біржақты пікір туғызған. Университет әкімшілігі бұл жағдайға түсіністікпен қарап, алдағы уақытта мұндай мазмұндағы материалдарды таңдауда барынша мұқият болатынын мәлімдейді» делінген оқу ордасы таратқан хабарламада.

Абай университеті оқу ордасы зайырлы мекеме екенін атап өтіп, студенттердің жеке таңдауына, еркіндігіне және пікір алуандығына құрметпен қарайтынын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз