Жаңалықтар

Әскери институттардың бұрынғы студенттері оқуын үйден шықпай-ақ қалпына келтіре алады

Әскери институттардың бұрынғы студенттері енді оқуын онлайн түрде қалпына келтіре алады
Әскери институттардың бұрынғы студенттері оқуын үйден шықпай-ақ қалпына келтіре алады/Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери оқу орындарының бұрынғы студенттері оқу орнына қайта қабылдау үшін eGov.kz порталында өтінім бере алады. Бұл туралы порталдың желідегі парақшаларында хабарланды.

Жаңа қызметті қолдану үшін курсант әскери оқу орнында кемі бір семестрді аяқтаған болуы керек. Қызметті пайдалану тегін.

«Енді қызметке өтінім онлайн түрде беріледі, ал қажетті құжаттардың басым бөлігі мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде жүктеледі» делінген ақпараттық хабарламада.

Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталында төмендегідей әрекеттерді қадам-қадам бойынша орындау керек:

  1. Әскери есеп және қауіпсіздік бөлімін таңдау;
  2. Әскери қызмет дегенді басу;
  3. «ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орнына қайта қабылдау» батырмасын басу;
  4. Онлайн сұрау;
  5. Оқу орнының атын жазу;
  6. Оқудан шығарылған сәттен бері өткен уақытты көрсету;
  7. Деректерді пайдалануға келісім беру;
  8. Тұрғылықты мекенжайды көрсету;
  9. Құжаттарды енгізу;
  10. Ыңғайлы тәсілмен өтінімге қол қою;
  11. Жеке кабинеттегі «Қызметтер алу тарихы» бөлімінен қызмет нәтижесімен танысу.

Өтінішті қарау мерзімі – 20 жұмыс күні.

Өтінімді оқу орнынан шығарылған күннен бастап тек бір жыл ішінде ғана беруге болады. Егер мерзім өтіп кетсе, оқу орнына қайта қабылдау мүмкін емес. 

Бұған дейін eGov мобильді қосымшасында жеке деректердің жылыстағанын оңай тексеруге болатын қызмет іске қосылған.