Дамир Смағұлов Ресейден кеткені жайлы: Балаларым қазақша сөйлесе деймін

Аралас жекпе-жектен Қазақстан туы астында өнер көрсетіп жүрген Ресей азаматы, этникалық қазақ Дамир Смағұлов «Вестник ММА» YouTube арнасына берген сұқбатында Қазақстанға ұрпағының болашағы үшін қоныс аударғанын мәлім етті.
Спортшы Ресейдің Орынбор аймағын өзінің кіші отаны санайтынын, ол жақта ата-анасы тұратынын, ата-бабасы жерленгенін атап өтіп, отбасының жайлылығы үшін Қазақстанға көшуді жөн көргенін айтады.
«Өзім үшін, отбасым, балаларым үшін осында жақсырақ. Біріншіден, Қазақстан мұсылман елі, мешіт, халал тағамдар бар. Сосын менің ұрпағым басқаша тәрбиеленгенін қалаймын. Менталитеті қазақы болып, қазақ тілін білсе деймін. Маған осы жер жайлы, ыңғайлы, ұнайды. Бірақ бұл мен туып-өскен жерімді ұмытып кеткенімді білдірмейді. Мен өзімнің Орынбор облысы Первомай ауданындағы Ударный ауылына барып тұрамын. Ол жер де туған үйім, атамекенім. Оны менен ешкім тартып ала алмайды. Онда менің аталарым жатыр. Ауылымдағы бәрімен жақсы араласамын. Ол менің үйім, бірақ қазір болашағым үшін осындамын», – деді ол.
Спортшы Орынбор облысында спортты серік етіп, өзіне еліктейтін қазақ балалары көп екенін, оларға үнемі қолдау көрсететінін жеткізді.
«Орынбор облысында бір нәрсеге жеткісі келетін қазақ балалары көп. Олар маған аузын ашып қарайтын. Мен оларға шын пейіліммен білетінімді бөлісемін. Бір досым кішкентай баланың видеосын жіберіп тұр. Қолын сындырып алыпты. Өзі сондай талантты, туралы қылпылдап тұр. Соған да көптеген нәрселер туралы кеңес беремін» дейді аралас жекпе-жек шебері.
Кәсіби мәнсабы
Дамир Смағұлов cтудент кезінде жекпе-жек өнерінің әртүрлі түрлерімен айналысып, әмбебап жекпе-жектен және армиялық қоян-қолтық ұрыста спорт шебері нормативін орындаған. 2011 жылдан бастап ММА бойынша әуесқойлар деңгейінде өнер көрсетіп, 2014 жылы Ресей кубогын жеңіп алғаннан кейін аралас жекпе-жектен спорт шебері атағын иеленген.
Аралас жекпе-жек саласында дебютін 2014 жылы алған. 2015 жылдан бастап ресейлік ірі M-1 Global промоушенінің спортшысы атанып, онда барлығы он жеңіске жетіп, бір жеңіліске ұшыраған.
2018 жылы әлемдегі ең ірі жекпе-жек ұйымы Ultimate Fighting Championship ұйымымен ұзақ мерзімді келісімшартқа отырған. Онда алты жекпе-жек өткізіп, бесеуінде жеңіске жеткен. Бір рет жеңілген.
Ол UFC туриниріне қатысқан кезінде октагонға бірнеше рет Ресей туымен қатар Қазақстан туын ала шыққан. Қазіргі кезде Қазақстанда тұрып, жаттығады.
Соңғы кездесуін былтыр Ақтөбеде бразилиялық Обердан Тенориоға қарсы өткізіп, Alash Pride FC лигасының жеңіл салмақтағы уақытша чемпионы атанған.