Жаңалықтар

«Мүгедектікке, өлімге дейін әкеп соғады»: Кене шаққанға атүсті қарауға болмайды

Кене шаққанға атүсті қарауға болмайды
Кене шаққанға атүсті қарауға болмайды/Фото: shutterstock

Мамыр айында кенелердің белсенділігі шырқау шегіне жетіп, шағу жағдайлары еселеп артады. Олардың тіршілігі күн жылынған сәуір айынан, қазанға дейін жалғасады.

Кене мекені

Кенелер Түркістан, Алматы мен Шығыс Қазақстан облысындағы таулы, шалғынды, орманды, ылғалды жерлерді мекендейді. Саябақтар мен бау-бақшада да болуы мүмкін. Далада жүретін ит-мысықтарда, тіпті ешкінің, қойдың, сиырдың шикі сүтінде вирус түрінде болуы мүмкін.

Кене тудыратын аурулар

Жәндіктің бұл түрі кене боррелиозы мен энцефалиті сиякты жұқпалы аурларды тасымалдайды.

Кене боррелиозы

Кене шаққанда пайда болатын инфекциялық ауру. Кене сілекейіндегі боррелии теріге еніп, бірнеше сағат ішінде көбейеді де терінің басқа аймақтарына және ішкі ағзаларға (жүрек, ми, буындар және т.б.) таралады. Боррелии адам ағзасында бірнеше жыл бойы жүре беруі мүмкін. Инкубациялық кезең 2 күннен 30 күнге дейін, орташа алғанда – 2 аптаға дейін созылуы мүмкін.

Белгілері

Аурудың басты белгісіне кене шаққан жердің қызаруы жатады. Қызыл дақ біртіндеп ұлғайып, диаметрі 1-10 см, кейде 30 см-ге дейін үлкеюі мүмкін.

Боррелиоз кезінде лимфа түйіндері ұлғайып, әлсіздік, бұлшық ет ауруы, буындардағы ауырсыну және дене қызуының жоғарлауы байқалады. Аурудың төртінші аптасында неврологиялық және жүрек-қан тамырлары асқынулары пайда болады.

Ауру салдары

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәліметінше, кене боррелиозы тек ауруханада емделеді. Емделмеген жағдайда ауру асқынып, кейбір жағдайларда жүйке жүйесі мен буындардың зақымдануынан мүгедектікке әкеп соғуы мүмкін.

Кене энцефалиті

Орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жедел жұқпалы вирустық ауру. Аурудың бұл түрі де мүгедектікке, тіпті өлімге дейін әкеліп соғуы мүмкін.

Негізгі белгілері

Инкубациялық (жасырын) кезең әдетте 10-14 күнге, 1 күннен 30 күнге дейінгі аралықта созылуы мүмкін. Ауру жедел түрде басталады: қалтырап, қатты бас ауруы, температураның 38-39 градусқа дейін күрт көтерілуі, жүрек айну, құсу сияқты белгілері пайда болады. Көбінесе мойын мен иықта, кеуде және белде, аяқ-қолда бұлшық ет қасағандай ауырсыну белгілері байқалады.

Кене энцефалитіне қарсы вакцинаны

Кене энцефалитіне қарсы екпені тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханалардан дәрігердің кеңесінен кейін ақысыз түрде алуға болады. Вакцинациялау курсы  1-7 ай аралығымен екі екпеден тұрады. Екпені жыл бойына, соның ішінде эпидемиологиялық маусымда да жүргізуге болады. Алайда, соңғы екпе кене инфекциясының ошағына шықпастан екі апта бұрын аяқталуы керек.

Кенеден қорғану 

  • шөпке отыруға, жатуға болмайды, киімді, денені және заттарды жиі тексеріп тұру керек;
  • біріңғай және ашық түсті киімдер киіп, шалбарды етікке, шұлыққа, киімнің жоғарғы бөлігін шалбарға салған жөн. Жең манжеттер қолға мықтап орналасуы керек, көйлек жағалары мен шалбар астында кене жүре алмайтын бекіткіштер болғаны дұрыс; көйлекке, күртеге тігілген капюшон кию керек немесе басқа орамал тартқан жөн;
  • кенелерді үркітетін заттарды – репелленттерді қолдану қажет.

Кене жаққан жағдайда…

Кене шаққан жағдайда, барынша ертерек (кене шаққаннан кейін 4 күннен кешікпей) серопрофилактикалық бөлімшелерге көмекке жүгіну қажет.

Алматы қаласында кене шаққаннан зардап шеккендерге серопрофилактикалық көмек төмендегі медициналық мекемелердің травматологиялық бөлімшелерінде жүргізіледі:

  • Орталық қалалық клиникалық аурухана (Жандосов көшесі, 6) – Бостандық және Медеу аудандарының ересек тұрғындарына қызмет көрсетеді;
  • №4 қалалық клиникалық аурухана (Папанин көшесі, 220) – Жетісу және Түрксіб аудандарының ересек тұрғындарына қызмет көрсетеді;
  • №7 қалалық клиникалық аурухана (Қалқаман ықшам ауданы, Райымбек даңғылы, 20) – Алатау, Әуезов және Наурызбай аудандарының ересек тұрғындарына қызмет көрсетеді;
  • Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы (Қазыбек би көшесі, 96, тел 292-31-01) – Алмалы ауданының ересек тұрғындарына қызмет көрсетеді;
  • Медициналық жедел жәрдем көрсететін балалар орталығы (Манас көшесі, 40, тел. 2748319) – қаланың барлық аудандарының 17 жасқа дейінгі (қоса алғанда) балалары мен жасөспірімдері үшін қызмет көрсетеді.

Кенеге қарсы өңдеу жұмысы

Алматы қаласы бойынша Ұлттық сараптама орталығы дезинфекция орталығының директоры Айнұр Аккошкарованың айтуынша, кенеге қарсы ауқымды іс-шаралар 31 наурызда басталған.

«Биылғы жылы екі өңдеу туры жоспарланған. Дезинсекциялық өңдеуге жататын жалпы ауданы 4 733,12 гектарды құрайды. Бұл іс-шараларға 144 152 000 теңге бөлінді, ал бір турға 72 миллион теңге жұмсалады» дейді Айнура Аккошкарова.

Оның сөзінше, өңдеу жұмысына биыл жаңа «Ципертрин» препараты қолданылады. Препарат гектарына 0,75 литр тұтыну нормасымен 3 579,6 литр көлемінде сатып алынған.

Айнұр Аккошкарова бүгінде орталықтың қарамағында ыстық және суық тұман термогенераторларымен, гидропульттермен, «Фазенда» бүріккіштерімен, сондай-ақ автокөліктермен жабдықталған екі мобильді бригада барын атап өтті. 2025 жылы үш жаңа жабдық, ал 5 мыңнан астам жеке қорғаныс құралдары сатып алынған.