Armada мен Grand Park-тың иесі қанша пайда тапты

ARMADA мен Grand Park сауда орталықтарына иелік ететін 58 жастағы кәсіпкер Ғабит Бейсенбаев былтыр 6 млрд теңгеден аса табыс тапқан. Ол 2024 жылы Forbes.kz нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең табысты жалға берушілер рейтингінде 9-орынға тұрақтады.
Журналист Дмитрий Шишкиннің жазуынша, Бейсенбаев өз жалға беру бизнесін 2015 жылы 70 мың шаршы метрлік «Армада» сауда орталығынан бастаған. Қазір ол осы орталықтың жартысына, сондай-ақ Grand Park және «Золотой» сауда орталықтарына иелік етеді. Бұл нысандардың жалпы коммерциялық ауданы 250 мың шаршы метрден асады.
Бүкіл сауда орталықтар бұрынғы Алматы мақта-мата комбинатының (АХБК) аумағында орналасқан. Сауда нысандары орналасқан жер телімдерінің жалпы көлемі 35 гектардан асады. Кадастрлық картаға сәйкес, бұл жерлердің көпшілігі Бейсенбаевпен байланысты компаниялардың меншігінде.
2024 жылдың маусымында «Курсив» басылымы ARMADA құрылыс гипермаркетінің пайдасы 4,6 есе қысқарғанын жазды. Пайда азайғаннан кейін, гипермаркет дивиденд төлемейтіні белгілі болды.