Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың інісі банкрот деп танылған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыхановтың інісі, 54 жастағы Марат Тұрлыханов ресми түрде банкрот деп танылды. Оның есімі бакроттар тізіміне енген. Мәжіліс депутатының інісі мемлекетке 13,5 млрд теңге қарыз.

Марат Тұрлыханов сот арқылы банкрот деп танылған. Сот ісі 9 қаңтарда аяқталғанымен, сот шешімі өз күшіне тек 22 сәуірде енген.

Оның мемлекетке қарызы 13,5 миллиард теңгеден асады. NRG_Monitor телеграм-арнасының жазуынша, Марат Тұрлыхановтың қарызы «Тас Май Рисорсиз» компаниясының қызметімен байланысты болған.

2006 жылы бұл компания мұнай мен газды барлау және өндіру құқығын алып, алғашқы жұмыстарды бастау үшін «Казкоммерцбанк»-тен 42,3 млн доллар көлемінде несие желісін рәсімдеген.

Алайда 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін жағдай нашарлап, компания өз қарызын қайтара алмай қалды. Несие бойынша талап ету құқығы алдымен БТА Банкіне, кейін «Проблемалық кредиттер қорына» өтті. 2023 жылы «Тас Май Рисорсиз» банкрот деп танылды.

Компания банкрот болған соң, қарыз жеке кепілгерлерге — соның ішінде Марат Тұрлыхановқа жүктеледі. Ол сотқа жүгініп, қарызын төлеуге жағдайы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мүлкі де, тұрақты табысы да жоқ. Бүгінде жалғыз табысы — еңбегі сіңген жаттықтырушы ретінде алатын 370 мың теңге көлеміндегі зейнетақы. Ол осы қаражатпен үш адамды асырап отырғанын айтыпты.

Сот Марат Тұрлыхановтың өзін банкрот деп танып, енді оған жаңа қарыз алуға және елден шығуға тыйым салынған.

Бұған дейін депутат Тұрлыхановтың ұлы 1,5 жылға қамауға алынған.

Сондай-ақ оқыңыз