Жаңалықтар

Миллиардер Владимир Кимге тиесілі компания шығыста бағалы кен іздейді

Kazakhmys Barlau Абай облысында кен іздемек / Фото: gov.kz

Миллиардер Владимир Кимге тиесілі «Қазақмыс» компаниясының құрамына кіретін Kazakhmys Barlau Абай облысында кен іздеп жатыр. Геологиялық бұрғылау жұмысы басталған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарламасы бойынша, бұл жұмыс өңірдің минералдық-шикізат әлеуетін бағалауға бағытталған.

2024 жылы жобаның алғашқы кезеңінде Qazaq Geophysics компаниясы Target EM әдісі бойынша аэроэлектромагниттік түсірілім жүргізген.

«Алынған деректер учаскенің геологиялық құрылымы туралы жалпы түсінік қалыптастыруға және кен минералдануымен байланысты болуы мүмкін аномалияларды алдын ала анықтауға мүмкіндік берді», – делінген хабарламада.

Екінші кезеңде геохимиялық талдау мақсатында кен үлгілері алынып, жер қыртысының қай бөлігінде орналасқаны анықталады. Бұрңылау жұмысы жалпы 3 мың шаршы аумақты қамтиды.

Kazakhmys Barlau – «Қазақмыс» компаниясының еншілес ұйымы. Ал «Қазақмысқа» Kazakhmys Holding Limited компаниясы иелік етеді. Оның 70 пайыз акциясы Владимир Кимге тиесілі болса, 30 пайызы Эдуард Огайдың меншігінде. Қаржы есебінде компанияның түскі иесі Владимир Ким екені жазылған.

Ким Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер қатарына кіреді және $3,6 млрд байлығымен ең бай қазақстандықтардың тізімінде төртінші орында тұр.