
2024 жылдың наурыз айында Xiaomi SU7 Ultra электромобилін ұсынғанда, оның техникалық сипаттамаларында 1548 ат күшіне және жылдамдығы 350 км/сағ болады деп жазылған. Әлбетте бұл жаңалық көпшілікті таңғалдырды. Алайда сатылым басталғаннан кейін бірнеше апта өткен соң, ол қуаныш көңілсіздікке ұласты. Сатып алушылар көліктің барлық мүмкіндіктері шектеулі екенін анықтады. Себебі өндіруші авто жылдамдығы мен қуатын жасанды түрде шектегені анықталды.
Тұтынушылар тарапынан туған жаппай наразылықтан кейін Xiaomi Auto компаниясы бұл тәсілін қайта қарап, енді SU7 Ultra иелері қосымша сынақтардан өтпей-ақ электромобильдің барлық мүмкіндіктерін қолдана алатынын хабарлады. Бұл шешімнен кейін автокөлік өндірушілері мен олардың тұтынушылары арасындағы қарым-қатынас нығая түсті.
1548-ден 900-ге дейін: Xiaomi өз «электротұлпарын» қалай шектеді
SU7 Ultra сатылымға шыққан сәттен бастап-ақ оның жылдамдыңы мен қуаты тиісті деңгейде болған жоқ. Ресми себеп – қауіпсіздік. Заводтан шыққан көлік төмендетілген сипаттамалармен жабдықталған:
- ең жоғарғы қуаты 900 ат күшіне дейін төмендетілді,
- максималды жылдамдық 140 км/сағ деңгейінде шектелді,
- толық қуаты тек тректе арнайы айналым жасап өткеннен кейін ғана іске қосылады,
- ал 1.7.0 нұсқасындағы бағдарламалық жасақтамада Launch Control функциясын қосқанда 60 секундтық кідірістен кейін қосылады.
Xiaomi мұны «қауіпсіздік үшін» деп түсіндірді: 1548 ат күшін иеленген көлікті дайындықсыз басқару қауіпті. Бірақ тұтынушылар бұл уәжбен келіспеді.
«Миллиондаған ақша төледік, ал көлік мүмкіндігі шектелген»
SU7 Ultra бағасы — 529 900 юань (қазіргі бағаммен 33,9 млн теңгеден асады). Көптеген сатып алушылар бұл көлікті ең жоғары қуатты флагман үлгісі ретінде саналы түрде таңдады. Жарнамада қуат пен жылдамдық басты назарда болды.
Алайда шынайы өмірде бұл ақшаға олар толық мүмкіндігін көрсете алмайтын, көлік алғандарын білгенде, жанжал басталды. Әлеуметтік желілерде шағымдар мен пікірлер қарша борады, форумдарда наразылық артты, техникалық қолдау қызметіне жаппай арыздар тіркелді. Адамдар ашықтық пен көлікті басқаруда еркіндік талап етті. Себебі олар автоны аталған қасиеттері мен сипаттамаларына қарай сатып алған болатын.
Жаңа тәсіл: ашықтық пен шектеулерді алып тастауға бағытталған
CarNewsChina мәліметінше, қоғам тарапынан жасалған қысымнан кейін Xiaomi өз шешімін қайта қарап, барлық шектеулерді алып тастайтынын және көлік иелерімен ашық әрі сенімді байланыс орнатуға ниетті екенін мәлімдеді. Жақын арада SU7 Ultra-ның жаңа бағдарламалық жаңартуларында пайдаланушылар электромобильдің қуатын қашан және қалай пайдаланатынын өздері шеше алады. Бұл жаңалық тұтынушылар тарапынан жақсы қабылданды.
Жаңа технологиялар – басқаша ойлау тәсілін талап етеді
Бұл жағдай қазіргі заманғы электромобиль өндірушілері алдында тұрған маңызды сұрақты көрсетеді. Ол пайдаланушыға қамқорлық пен бақылауды шатастырып алмау маңызды.
Xiaomi және басқа да технологиялық компаниялар көбіне «ақылды шектеу» стратегиясын қолданады. Яғни, көлік тізгініндегі адамдарға толық сенбейді. Бұл:
- өндіруші бақылауы,
- өндіруші бәрін жақсы біледі деген сенім,
- таңдау құқығы жоқ, дайын сценарийлерді ұсыну сынды факторларға байланысты.
Алдағы уақытта клиенттің таңдауына құрметпен қарайтын, ашық жүйеге көшетін, сенімге негізделген қарым-қатынас жаңа стандартқа айналуы мүмкін. Сарапшылар Xiaomi осы жолда маңызды қадам жасады деп есептейді.
Алда не күтіп тұр?
SU7 Ultra-дағы шектеулердің алынуы – бұл тек клиенттердің жеңісі емес, сонымен қатар бүкіл нарыққа берілген белгі. Егер компаниялар, әсіресе технологиясы дамыған және белсенді тұтынушысы бар Қытайда, жоғары деңгейде бәсекелес болғысы келсе – олар өз клиенттерін пікіріне құлақ асып, олармен санасуды үйренуі керек.
Келесі қадам – қуат режимдерін таңдау мүмкіндігі, пайдаланушының қажеттілігіне қарай көлікті баптау, сондай-ақ шектеу емес, көлікті қауіпсіз әрі толық пайдалануға үйрететін интерактивті оқу модульдерін енгізу болуы мүмкін.
Бұған дейін, Қытай үкіметі авто тізгініндегі адамдарға көлік басқарған уақытта жаңа технологияларды көп қолданбай, жолда сақ болуға үндеген еді. Өйткені 2025 жылғы сәуірдің басында ҚХР-да Xiaomi көлігімен бірнеше апат тіркеліп, үш көз жұмған болатын.