Трамп пен Ердоған Украинадағы соғысту тоқтату мәселелерін талқылады

АҚШ президенті Дональд Трамп Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Украинадағы соғысқа байланысты телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді. Бұл туралы Трамп Truth Social платформасында жазды.
Екі ел басшысы Украина мен Ресей арасындағы соғыс, Сирия мен Газа секторындағы жағдай және басқа да халықаралық мәселелерді талқылаған.
Трамп Ердоғанның Түркияға ресми сапармен шақырғанын және өз кезегінде түрік президентін Вашингтонда қабылдауға ниетті екенін де жеткізді.
«Қалай болғанда да мен Ердоған президентпен бірге Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға жұмыс істеуге мүдделімін» – деп жазды Трамп.
Алайда, АҚШ президенті соғысты қалай аяқтағысы келетінін және бұл жағдайда Ердоған қандай рөл атқаратынын нақтыламады.
Айта кетейік, бұған дейін Түркия Ресей мен Украина арасындағы делдал ретінде әрекет еткен. Сондай-ақ, бұған дейін Ердоған Ресеймен бейбітшілік саммитін өткізуге дайын екенін мәлімдеген еді.