Алматы әуежайын дамытуға жеке инвестор 362 млн доллар құяды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Алматы әуежайы
Алматы әуежайын дамытуға TAV Holding компаниясы 362 млн доллар инвестиция құяды / Фото: shutterstcok

Алматы әуежайын дамытуға жеке инвестор 362 млн доллар қаражат құяды. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Көлік министрлігі мен «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Бұл ынтымақтастық негізінде әуе айлағын дамытуға бағытталған негізгі іс-шаралар жүзеге асырылады.

«Бұл құжат аясында бірінші кезекте әуе айлағы қызметкерлерінің еңбек жағдайын едәуір жақсартуға ерекше назар аударылады. Инвестор бірқатар корпоративтік бастамаларды жүзеге асырады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Әуежай қызметкерлерінің жалақысы өседі

Келісімге сәйкес, инвестор әуежай қызметкерлерінің жалқысын 25%-ға өсіріп, әуежай аймағында іргелес аудан тұрғындары мен әуежай қызметкеріне арнап жаңа медициналық орталық ашады. Сондай-ақ қызметерлерге арнап әуежай аумағында асхана ашу жоспарланған.

Бұдан бөлек, әуежайла қосымша 600 жұмыс орны ашылып, әуежай саласының мамандарын оқытуға арналған ACI орталығымен аккредиттелген арнайы оқу орталығы іске қосылмақ.

Жалпы алғанда 2025 жылдан 2029 жылға дейінгі аралықта TAV Holding компаниясы қосымша 362 миллион доллар инвестиция құяды.

Бұл қаражатқа мынадай жобалар жүзеге асырылады:

  • ұшу-қону жолағы қайта жаңартылады;
  • жүк тасымалдаумен айналысатын компаниялар үшін жаңа перрон салынады;
  • ішкі рейстер терминалы жаңғыртылады;
  • әуежайдағы жүк қоймалары жөндеуден өткізіліп, цифрландырылады;
  • әуежай аумағында қонақ үй салынады.

Еске сала кетсек, алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалы 2024 жылдың маусым айында ашылып, пайдалануға берілген болатын. Жаңа салынған терминалмен бірінші болып, 31 мамыр күні Алматыға жұмыс сапарымен келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев танысты. Жаңа терминал алғашқы жолаушыларды 1 маусым күні салтанатпен қарсы алды.

Сондай-ақ оқыңыз