Жаңалықтар

Тоқаев То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Дстық орденімен
Тоқаев То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады / Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Президент екі елді талай жылдан бері үзілмей келе жатқан достық қарым-қатынас байланыстыратын айтқан. Сондай-ақ достыққа негіз болған тарихи оқиғалардың бірі ретінде 1959 жылы Қазақстанға Вьетнам елінің тұңғыш gрезиденті Хо Ши Миннің келуін атап өткен. Сол уақыттан жалғасқан ынтымақтастық негізінде екі ел шынайы стратегиялық әріптестік орната алған.

«Сіздің Қазақстанға мемлекеттік сапарыңыздың тарихи маңызы зор. Бұл қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік орнатуға келістік. Бұл үшін мол перспективаға жол ашатын саяси ерік-жігер мен сауда-экономикалық әлеует жеткілікті. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға айрықша үлес қосқаныңызды атап өткім келеді. Осы орайда Сізге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – І дәрежелі «Достық» орденін табыстауға рұқсат етіңіз. Қазақстан мен Вьетнам ықпалдастығын одан әрі арттыруға қолдау көрсете бересіз деп сенемін, – деді президент.

То Лам Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттап, сый көрсеткені үшін президент пен қазақ халқына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ көрсетілген ілтипатты жоғары бағалайтынын жеткізді.

«Бұл – мен үшін өте құнды марапат. Өйткені мұны елдеріміздің ондаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастығы мен тілектестігінің нәтижесі әрі қос халықтың сенімі мен шынайы сүйіспеншілігінің белгісі деп білемін. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, ал қазақ халқының бақ-берекесі арта беруіне тілектеспін», – деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Ақордада Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Кездесу барысында тараптар өзара сауда айналымын 2 млрд долларға жеткізуге уағдаласты.