
Қазақстан мен Вьетнам өзара тауар айналым көлемін 2 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Ақордада өткен жиында айтылды.
Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген. Президент Вьетнамның 2040 жылға дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздеп отырған стратегиялық мақсатын қолдай келе, бұл жоспарды орындауда Қазақстан тарапының да атсалысатынын атап өткен.
«Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан әрі күшейтуге тың серпін береді», – деді Тоқаев.
Ал То Ла өзіне көрсеткен қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, Қазақстанда Вьетнаммен талай жылдардан бері достық қарым-қатынас орнатқан ел ретінде жоғары бағалайтынынатап өткен.
«Вьетнам мен Қазақстанның ортасында ондаған жылдар бойына тығыз қарым-қатынас орнаған. 1959 жылдың тамыз айында біздің Президентіміз Хо Ши Мин Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Бұл сапар қос халық арасында дәстүрлі достық пен ұзақмерзімді серіктестіктің берік негізін қалады. Содан бері екі елдің байланысы көшбасшылар мен азаматтардың күш-жігері арқасында ұдайы дамып келеді. Қазақстан ертеректе еліміздегі ұлт-азаттық күреске көмек көрсетті, қазіргі кезде де бізді жан-жақты қолдап келеді. Сол үшін Вьетнам халқы мен партиясы сіздерге дән риза», – деді Вьетнам Компартиясы ОК Бас хатшысы.
Келіссөз барысында өзара тауар айналым көлемі артқаны, қазіргі таңда бұл көрсеткіштің 860 млн долларды құрайтыны айтылды. Алдағы жылдары бұл көлемді 2 млрд долларға жеткізу көзделген.
Жиында сондай-ақ туризм саласындағы бірлескен жұмыстың перспективасы да талқыланып, екі ел арасында визасыз режим орнағаны, ал әуе қатынастарының саны 40-тан асқаны да тілге тиек етілді. Осы орайда президент Вьетнам азаматтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін Қазақстандағы қызықты туристік аймақтарды зерделеп көру мәселесін ұсынды.
Сонымен бірге президент Қазақстанда Вьетнам мәдениетінің күндерін өткізу мәселесін көтерді. Тоқаев мұндай шара мәдени диалог пен халықтар бірлігін нығайтуға оң әсер ететінін айтып өтті.
Еске сала кетсек, бүгін Ақорда Қазақстанға ресми сапармен келген Орталық комитеті Бас хатшысы шағын құрамда То Ламды қарсы алды.