Кеден бекеттерінде жайсыз жағдайларды хабарлауға болатын жүйе іске қосылады

Кеден бекеттерінде қызметкерлер дөрекі мінез көрсетсе немесе қызмет сапасы нашар болса, азаматтар «қызыл түйме» жүйесі арқылы хабарлама жібере алады. Бұл тетік арқылы кеден бекеттеріндегі жұмыс сапасын жақсарту көзделген.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті адамға бағытталған тәсілді енгізу және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта барлық кеден бекеттері мен кедендік ресімдеу орталықтарында (КРО) «қызыл түйме» орнатылды», – делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Жүйе қалай жұмыс істейді
«Қызыл түйме» тетігі QR-код арқылы жұмыс істейді. Барлық кеден бекеттерінде Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы QR-коды орнатылады. Азаматтар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туындаған мәселе бойынша МКК Төрағасына тікелей жүгіне алады.
«Бұл құрал — кеден қызметтерін алу кезінде туындайтын қиындықтарға жедел әрекет етуге және қызметкерлер тарапынан әдепсіз мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған», – деп түсіндірілген комитет хабарламасында.
QR-кодты сканерлеген соң, өтінім беру формасын толтыру керек болады. Форма қарапайым әрі түсінікті болғаны себепті бірнеше минутта толтырылады. Азамат қалауы бойынша бұл хабарламаны анонимді түрде жолдай алады. Хабарлама келіп түскен соң, қысқа мерзімде қаралып, тиісті шаралар қабылданады.
Мемлекеттік кірістер комитеті сапасыз қызмет көрсетілсе немесе қандай да бір бюрократиялық кедергілерге тап болса, азаматтарды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырды.