
Бишімбаевтың қарындасы Аружан Бишімбаева 24 жылға сотталған ағасын қорғап, өткір мәлімдеме жасады. Ол жеңгелерінің қателіктерін айтқан.
Оның айтуынша, Салтанат Нүкенованы азаптау дерегі дәлелденбеген. Ал марқұмның өзі агрессивті ер адаммен бірге болуды «таңдаған».
«Азаптау болмаған»
Аружанның айтуынша, Нүкенованың денесінде ауыр жарақаттар болмаған. Оның пікірінше, ішкі ағзалары, сүйектері мен бас сүйегі зақымданбаған. Ал көгерген жерлері – «түнгі жанжалдың» табиғи салдары. Ол алақанның сырт жағында жарақат болмағанын айтып, мұны қатыгездікпен жасалған зорлық-зомбылықтың дәлелі жоқ деп түсіндірді.
Бишімбаевтың қарындасы ағасын маньякпен немесе сериялық қылмыскермен салыстыратындарға ашуын білдіріп, оларды «ақылсыз фанаттар» және «дұрыс ақпарат оқымайтындар» деп атады.
Сондай-ақ, ол марқұм Нүкенова өз тағдырына өзі кінәлі деп есептейтінін айтты. Оның ойынша, Салтанатты ешкім ұстап отырмаған. Ол бірнеше рет кетіп қалуға мүмкіндігі бола тұра, «қате шешім қабылдаған».
«Оны ешкім ұстап, азаптаған жоқ. Жүз рет кете алатын еді. Бірақ басқа жолды таңдады да, қателесті», — деді Бишімбаева.
Одан бөлек, ол Бишімбаевқа берілген жаза «тым қатаң» болды деп санайды. Ал Нүкенованың отбасының әрекетін ақша үшін қудалау деп бағалайды.

Назым Қахарман туралы
Бишімбаевтың қарындасы ағасының бұрынғы жұбайлары жайлы да айтты. Ол Қуандықтың бірінші әйелі ешқашан зорлық жайлы шағымданбағанын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, егер әйел «жақсы» болса, әсіресе үш баласы бар болса, одан ешкім кетпейді. Айтылып отырған әйел — Назым Қахарман болуы мүмкін.
«Үш баласы бар жақсы әйелдерден ешкім кетпейді», — деді ол.
Еске сала кетейік, Қуандық Бишімбаев 2024 жылдың мамыр айында әйелі Салтанат Нүкенованы ерекше қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметінше, ол бірнеше сағат бойы мейрамханада әйелін ұрып-соғып, медициналық көмек көрсетпеген және оқиғаны жасыруға тырысқан. Сот оны жүйелі азаптағаны және аса қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сот процесі алқабилердің қатысуымен өтіп, тікелей эфирде көрсетілді.
Мұның алдында Қуандық Бишімбаевтың отбасы жиған дәулетінің көп бөлігін сақтап қалатыны белгілі болды.