«Діни тақырыптар көлденең келген көк аттының мыжи беретін езбесі емес» – Мұқан Исахан

Діни тақырыптар, қазақ дәстүрлері, отқа май құю туралы сөз қозғаған депутат Ардақ Назаровты дінтанушы Мұқан Исахан қатты сынға алды.
«Діни мәселелерді терең зерделеместен, жөн-жосықсыз Абайға жүгіну дұрыс емес. Бәрін айт та, бірін айт, діни тақырыптар көлденең келген көк аттының мыжи беретін езбесі емес. Әркім өз орнын білсе, құба-құп болмақ!», – дейді Мұқан Исахан.
Ұлт құндылықтарына ревизия жүргізгісі келеді
Дінтанушының пікірінше, депутат діни тақырыптарға қатысты орынсыз пікір айтып отыр.
«Ұлт құндылықтарына ревизия жүргізгісі келетін өгей топтың өкілдері өктемдігін тоқтатар емес. Енді Абайды адвокат етіп жалдап, «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралыдан» мәтелдетуге көшіпті. Қош, бұл шалқалаған шалжиысқа да шаппа-шап жауап берейік», – деді ол.
Зороастаризм сенімінің сынықтары
Оның сөзіне қарағанда, отты культ ретінде дәріптейтін мәжусилік наным бір кездері Түркі даласын да шарпыған. Археологиялық зерттеулер бойынша жерімізден табылған «Мықтың үйі» немесе «Мықтың обалары» зороастаризм сенімінің сынықтары екені белгілі. Бұл мәжусилік сенім бойынша қайтқан адамды жерлеудегі рәсім үлгісі, о дүниелік болған жанның басына тұрғызылған сағана десек болады.
Мәжусилердің де аяқ басқанын әйгілейді
«Еліміздің әр түкпірінен, әсіресе оңтүстік өлкелерден ондаған » Мықтың үйі» немесе «Мықтың обаларының» табылуы, бір кездері Ұлы Далаға мәжусилердің де аяқ басқанын әйгілейді. Қазақ жеріндегі VIII-IX ғасырларда тарихты баян қылатын «Насабнама» құжаттарында ислам фатхшыларының тарсалармен (христиандар) қатар «Мук» елімен соғысқандығы айтылады», – дейді ол.
Мұқан Исахан діни тақырыптар жөнінде сөз қозғау үшін осылайша тарихты бір шолып шыққан.
Есте жоқ ескі заманда болған
Мұқан Исаханның айтуынша, археологтарымыздың қазба жұмыстарына жүк болып жүрген «Мықтың үйі» обалары мен «Насабнамада» аты аталатын «Муктың» мәжусилер екені айтпаса да түсінікті. Бұдан өзге араб жиһангездері әл-Жахиз мен әл-Идрисидің жазбаларында да қарлұқ түркілерінің ішінде жарықты (отты) қасиетті санайтындардың болғандығы баяндалады. Демек, есте жоқ ескі заманда даламызды мәжусилердің де шиырлағаны анық.
Отпен аластау мәжусилікке түк қатысы жоқ
Дінтанушының мәліметінше, от тақырыбы көптеген діни сенімдерде ұшырасады. Алайда, әрқайсысында оттың ұғымы әртүрлі. Мәселен, христиан сеніміндегі шырақ жағу (кісі қайтқанда), тәңір сеніміндегі отпен аластау (дизенфикция), будда нанымындағы мәйітті отқа өртеу (тазарту), исламдағы отпен күйдіру рәсімдерінің мәжусилікке түк қатысы жоқ.
Мұқан Исахан депутаттың діни тақырыптар туралы пікірімен келіспейді.
Екеуі екі басқа әңгіме
«Дін феноменологиясы тұрғысынан алар болсақ, әр сенімдегі отқа қатысты детальдардың мүлде мән-мағынасы бір-бірінен бөлек. Сол себепті, Абайдың «шыраққа табынушылар» туралы айтқаны мен депутат Ардақ Назаровтың «отқа май құюы» екеуі екі басқа әңгіме. Діни мәселелерді терең зерделеместен, жөн-жосықсыз Абайға жүгіну дұрыс емес», – дейді дінтанушы. Оның пікірінше, діни тақырыптар біліп сөйлеуді қажет етеді.
Депутат не деді?
Мұның алдында Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров «отқа май құю» шариғатқа қайшы деп мәлімдеме жасаған еді.
«Ақылға қонымды ырым-тыйымдар болса, мен оны қолдаймын. Ал егер шариғатқа сәйкес емес, әртүрлі зиян келтіретін ақылға қонымсыз ырым-тыйымдар болса, мен оны қолдамаймын. Мәселен, отқа май құю дейміз. Тағы қайсын айтсақ болады? Көп қой енді ырымдар», – деген еді.
Ал мұның алдында бұрынғы Сенат депутаты Дана Нұржігіт депутат Ардақ Назароватың ажырасқандарға салық салу туралы ұсынысына қарсы шықты.