Әскерде жүрген сарбаздардың басым бөлігінің кредиті бар

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
армия
Әскерде жүрген сарбаздардың көбісінің кредиті бар / фото: gov.kz

2024 жылы Қазақстан армиясына 40 202 адам қабылданды. 2025 жылдың басында кредиті бар сарбаздардың 20,1 мыңына берешекті кейін өтеуге рұқсат берілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осындай мәлімет жариялады.

Мекеме мәліметінше, кейінге қалдырылған қарыздардың жалпы сомасы 7,5 млрд теңге. Бұдан шығатын қорытынды: 2024 жылы әскерге қабылданған азаматтардың шамамен 56%-ның берешегі бар.

Төлем мерзімін шегеру үшін не істеу керек

Ол үшін өтініш жазудың да қажеті жоқ. Әскерге шақыру туралы деректерді Қорғаныс министрлігі кредиттік бюроға, содан кейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына жібереді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары хабарламаны алған сәттен бастап 15 күн ішінде төлем мерзімін кейінге қалдыруды ресімдеуге міндетті.

Оған сарбаздың өзінің қатысуы немесе қосымша келісімдерге қол қоюы қажет емес. Жеңілдік негізгі борыш пен есептелетін сыйақыға қолданылады.

Содан кейін айыппұлдар, өсімпұлдар есептеуге және өндіріп алу шараларын қолдануға тыйым салынады. Әскери бөлімнің тізімінен мерзімінен бұрын шығарылған жағдайда төлем мерзімін кейінге қалдыру тағы 60 күнге сақталады.

Төлем мерзімін кейінге қалдырудан бас тартуды қаласа, қарыз алушы 14 күн ішінде жазбаша өтініш жолдауға құқылы. Мұндай жағдайда кредитор жеңілдікті жояды. 

Сарбаздардың кредиті сотқа өтіп кеткен жағдайда

Егер кредит бойынша сот шешімі шығарылса, татуласу келісімі жасалса немесе атқарушылық жазба ресімделсе, төлем мерзімі кейінге қалдырылмайды. Төлем мерзімі автоматты түрде кейінгі қалдырылмаған жағдайда, әскери қызметші:

  • қаржы ұйымына жазбаша өтініш жібере алады;
  • Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне алады.

Биыл 9 сәуірде парламент тұтынушы құқығын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң ережелерінің бірі әскер өкіліне әскери қызмет атқару кезеңінде қарыз беруге тыйым салады.

Биыл наурыз айында әскердегі 17 мың адамның 6,6 млрд теңгесіне «кредиттік демалыс» берілген.

Сондай-ақ оқыңыз