
Миллионер Айдын Рахымбаевқа тиесілі BI Development Ltd. компаниясы 2024 жылы 76 млрд таза табыс тапты. Оның 25 млрд теңгесі акционерлерге дивиденд төлеуге, қалғаны компанияны дамытуға жұмсалады.
Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, акционерлердің 30 сәуірдегі жиналысында 2024 жылдың қаржы есебі бекітілді. Акционерлер 76 млрд теңге таза табысты бөлу тәртібі қабылданды. 51 млрд теңге компанияның өзін қалса, 25 млрд теңге акционерлерге дивиденд төлеуге жұмсалады. Осының алдында, 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, акционерлер 4,6 млрд теңге алатыны жарияланған.
BI Development Ltd. компаниясы «BI Group» Ltd жеке компаниясына қарайды. Оны Айдын Рахымбаев басқарады. Бұл топ құрылыспен, жылжымайтын мүлікті басқарумен айналысады.
Екі апта бұрын компанияның Өзбекстанда еншілес фирма ашқаны мәлім болды.
Жыл басында миллионердің құрылыс компаниясы премьер-министр Олжас Бектеновтің сынына ұшыраған. Үкімет басшысы BI Group, BAZIS секілді ірі компаниялар салықтан жалтарды деп мәлімдеген.
Биыл наурызда Бектенов сынына іліккен қос құрылыс компаниясы қазынаға қосымша салық төлегені мәлім болды. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, салық салынатын кірісін төмендетіп көрсеткен компаниялар бюджетке жалпы сомасы 17 млрд теңге құйған.
Қазақстандық Forbes Айдын Рахымбаевтың байлығын 886 млн доллар деп бағалаған. 2024 жылы оған тиесілі компаниялар мемлекеттен қомақты тапсырыс алғанын Kursiv.Media жазды.