Авто

Электрокар және Трамп: Ford автогиганты миллиардтаған шығынға батты

Ford электромобиль өндірісіне көп шығындалып қалды / фото: REUTERS/Maja Smiejkowska

Америкалық Ford Motor президент Дональд Трамптың салық саясаты компанияға шамамен 1,5 млрд долларға түседі деп болжады. Бұған қоса, автогигант электромобиль өндірісіне тағы 5,5 млрд долларға шығындалғалы отыр. Бұл туралы Reuters жазды.

Трамптың 25 пайыздық баж салығынан АҚШ-тағы автоөндірушілер биыл 100 млрд долларға шығындалуы мүмкін. Өндірісі Қытай, Мексикада орналасқан америкалық Ford Motor компаниясы да қосымша ақша шығаруға мәжбүр. Автогигант тиын санап отыр.

Дүйсенбі күні Ford компаниясы 2025 жылға арналған болжамын жариялаудан бас тартты. Себебі автогигант АҚШ президенті Дональд Трамптың салық саясаты өндіріске қалай әсер ететінін болжай алмай отыр. Бірақ оның ықпалы шамамен 1,5 млрд доллар шамасында болады деп топшылады.

«Әзірге бәсекелестеріміздің баж салығына қатысты әрекетін түсіну қиынға соғып отыр. Дегенмен жаңа қалыптасқан автоөндіріс ортасында АҚШ-тың басымдыққа ие болары анық», – деді Ford бас директоры Джим Фарли.

Әзірге оның акциялары америкалық қаржы биржасында шамамен 2,3%-ға түсіп кетті. Бұған қоса, компания Мексика мен Қытайдан автомобиль импорттау үшін 2,5 млрд доллар қосымша шығын шығаруға мәжбүр. Автоөндіруші Қытайға автокөлік экспорттауды тоқатты, бірақ Lincoln Nautilus секілді көліктерін сол елден жеткізіп отыр.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Ford түсімі 5%-ға азайып, 40,7 млрд доллар болды.

Америкалық автогигантты Трамп қана емес, оның электромобиль өндірісі де шығынға батырды. Биыл Ford электромобиль өндірісіне шамамен 5,5 млрд доллар бөледі. 2023 жылы автогигант электрокарға бола 10 млрд доллар шығынға ұшыраған.

Осының алдында Reuters агенттігі Ford компаниясының болашақтың автокөлігіне арналған FNV4 деп аталатын электронды архитектурасын дайындаудан бас тартты деп жазған. Себебі автогигант ақша үнімдеуге көшкен.

Kursiv.Media бұған дейін америкалық автокөлік алыбы Қытайға автомобиль экспортын уақытша тоқтатуға мәжбүр болғаны туралы жазған.