Freedom: қазақ қызмет көрсету секторы ең жоғары өсім көрсетті

Freedom Holding Corp. зерттеуіне сәйкес, қазақ қызмет көрсету секторы кейінгі тоғыз айда ең жоғары өсім көрсетті. Іскерлік белсенділік пен жаңа тапсырыстар айтарлықтай артты. Дегенмен секторда қысқарту жүріп жатыр.
Freedom анықтаған іскерлік белсенділік индексі
Freedom қолдауымен S&P Global әзірлеген PMI® индексіне сәйкес, Қазақстан қызмет көрсету секторында іскери белсенділік екінші тоқсанда өсті. Сәуірдегі өсім — кейінгі тоғыз айдағы ең жоғары көрсеткіш. Оған негізінен сәуір айында жаңа тапсырыстың көп болуы ықпал етті.
Басты көрсеткіш — іскерлік белсенділік индексі. Сәуір айындағы іскерлік белсенділік индексі – 51,4. Бұл наурыздағы көрсеткіштен (50,3) жоғары. Сонымен бірге 2024 жылғы шілдеден бергі ең жоғарғы нәтиже.
«Сәуірде Қазақстанның қызмет көрсету секторындағы іскери белсенділік біршама өсті. Оған жаңа тапсырыстар санының қарқынды өсуі ықпал етті, ал бірқатар компаниялар шығындарды оңтайландыру мен операциялық құрылымды қайта қарауды қолға алды.
Бұл нарықтағы бәсекенің күшейгенін көрсетеді, оның аясында компаниялар артып келе жатқан сұраныс және шығындарды бақылау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысып жатыр», – деп түсіндірді Freedom Finance Global PLC Қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімов.
Қысқарту жүріп жатыр
Екінші тоқсан сәтті басталғанына қарамастан, сәуірде қазақ қызмет көрсету секторында жұмыспен қамту екінші ай қатарынан қысқарды. Ауқымды болмаса да, кейінгі бір жылдағы ең елеулі деңгейде болды.
Қызметкерлер саны азайғанын хабарлаған компаниялар оны штатты қысқарту, филиалдардың жабылуы өндірісті оңтайландыру және нысандарды қайта құру сияқты
себептермен байланыстырды. Дегенмен сауалнамаға қатысқан компаниялардың 98%-ы қызметкерлер санын өзгеріссіз қалдырған.
Freedom Holding Corp. Қазақстандағы 250-ге жуық өндіруші компания арасында сауалнама жүргізіп, соның нәтижесін шығарып отырады. Тұтыну, көлік, ақпарат, коммуникация, қаржы, сақтандыру, жылжымайтын мүлік және бизнес қызметтер зерттеуге қатысады. Дерек жинау 2019 жылғы наурызда басталды.
Freedom түрлі қаржы қызметін көрсететін компания. Ол брокерлік қызмет, бағалы қағаздар саудасы, инвестициялық зерттеулер мен мен кеңес беру, инвестициялық банктік және андеррайтингтік қызметтер, ипотека, сақтандыру, телекоммуникация, әуе билеттері мен мәдени және спорттық іс-шараларға билеттерді онлайн сатумен айналысады. Бұған қоса онлайн супермаркет қызметін де ұсынады.
Компаниясының 7,5 мыңнан астам қызметкері бар. Холдинг бөлімшелері мен еншілес компаниялары Қазақстан, АҚШ, Кипр, Польша, Испания, Өзбекстан, Әзірбайжан және басқа 22 елде орналасқан.