Мәсімовтің зәулім сарайы мекемеге айналып, қымбат жиһазы сатылады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мәсімовтің зәулім сарайы білім мекемесіне айналуы мүмкін / фото: gov.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайы Астана әкімдігінің меншігіне өтіп, білім мекемесіне айналады. Бұл туралы Kursiv.Media-ға Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания хабарлады.

Мәсімовтің сарайы білім басқармасына өтеді

Үй мен жер телімі астана әкімдігінің білім басқармасына тегін беріледі.

«Мүлікті Астана әкімдігі аппаратының жееткшісі ресми өтінішпен сұратты. Онда «Астана қалалық білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің хаты бар. Өтініште нысанды әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру мақсатында пайдалану қажеттігі айтылған», — деп жауап берді қайтқан активтерді басқаратын компания.

Құжаттарды рәсімдеумен Астана әкімдігі айналысып жатыр. Басқа да мемлекеттік мекемелерден немесе ұйымдардан зәулім үйге сұраныс түспеген.

Кімнің бастамасы?

Компания мәліметінше, бұрынғы шенеуніктің жылжымайтын мүлкін Астана әкімдігіне беру туралы бастаманы Бас прокуратура көтерген.

«Осындай шешім Бас прокуратураның ұстанымына сай қабылданды. Құзырлы мекеме нысанды Астана әкімдігінің меншігіне, әлеуметтік мақсаттарды жүзеге асыруға беру туралы бастама көтерген».

Осылайша Мәсімовтің қымбат жер телімі астананың коммуналдық меншігіне айналады, дегенмен ішіндегі мүлкі сатылады.

Бұған дейін Мәсімовке тиесілі болған үй үш мәрте саудаға шығарылған. Бастапқы бағасы 1,8 млрд теңге деп белгіленген. Алайда оған ешкім қызықпай, екі аукцион өтпей қалды. 2025 жылғы сәуірде зәулім сарайды тағы да сатпақ болды. Бұл жолы бағасын 1,6 млрд теңгеге дейін түсірді. Дегенмен Астана әкімдігінің өтінішінен кейін саудадан алынды.

Кәрім Мәсімов 2023 жылғы сәуірде мемлекетке опасыздық жасағаны, билікті басып алуға талпынғаны, қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін 18 жылға сотталды. 2024 жылғы маусымда ол Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұраған, бірақ президент рақымшылық бермеген.

Сондай-ақ оқыңыз